Аттестациядан өту мәселесі. Қандай өзгеріс енгізілді

24 Тамыз 2023, 16:18
4286
Бөлісу:
Аттестациядан өту мәселесі. Қандай өзгеріс енгізілді
Фото: BAQ.KZ - архив

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өтіп жатқан тамыз кеңесінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық платформа негізіндегі аттестаттау процесі автоматтандырылды. Енді мұғалімнің қызметі туралы барлық ақпарат оның жеке кабинетінде жинақталады. Педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды, - деді еліміздің бас ұстазы.

Министрдің айтуына қарағанда, мұғалім тек модератор мен сарапшыға ауысқанда ғана өз пәні бойынша сынақтан өтеді.

Алдағы уақытта педагог-зерттеуші және магистр біліктілік санатын беру тәртібі толығымен өзгертіледі. Кәсіби еңбек жолын алғаш бастайтын немесе еңбек өтілінде үзіліс алған педагогикалық мамандықтардың түлектері үшін санат олардың пайдасына қайта қаралады. Педагогтің кәсіби құзыреттілігін диагностикалау үшін кәсіби қызметін алғаш рет бастайтын немесе еңбек өтілі үзіліс болған педагогикалық мамандықтардың түлектері тестілеуден өтеді, - деді Бейсембаев тамыз кеңесінің пленарлы отырысында.

Министрдің мәліметінше, мұғалімдерді марапаттау тетіктері де өзгереді. Бұдан былай мұғалімдер шәкірттерінің жетістіктеріне қарай бағаланып, оған соның нәтижесінде біліктілік санаты беріліп, марапатталады. Бұл зейнет жасындағы мұғалімдерге де қатысты екенін айта кетейік.

Өзгелердің жаңалығы