Ата-аналар жекеменшік мектептердің штаттық режимде жұмыс істеуін сұрады

18 Тамыз 2020, 12:15
2695
Бөлісу:
Ата-аналар жекеменшік мектептердің штаттық режимде жұмыс істеуін сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мектептер штаттық режимде жұмыс істемесе ата-аналар табыссыз қалады. Бұл туралы бүгін жекеменшік мектеп басшылары мен ата-аналар қауымдастығы өкілдерінің онлайн конференциясы барысында ата-аналар атынан сөз алған Қымбат Алишева мәлім етті.

Қазақстан онлайн білім беруге дайын емес. Оны соңғы тоқсанда көрдік. Мұндай білім беруде сапа болмайды. Әр баланы жеке бөлмемен, ноутбукпен қамтамасыз етуге ата-аналарда мүмкіндік те жоқ. Бастауыш сыныпта оқитын балалар өз бетімен онлайн білім ала алмайды. Ол үшін ата-ана үйде отыруға мәжбүр. Көптеген ата-аналардың сөзі осы. Жекеменшік білім беру мекемелерінде оқитын оқушылардың көбі шағын және орта бизнеспен шұғылданатын отбасынан шыққан. Үйде отырсақ, онсыз да карантин кезінде тұралап қалған кәсібіміз мүлдем тоқырап қалады. Ата-аналар атынан бізге жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздер дегім келеді. Көптеген ата-аналар бұдан да батыл қадамдар арқылы рұқсат алуға бар, - деді ол.

Оның сөзін ата-аналар атынан сөз алған Ольга Ким де қолдады. Оның айтуынша, ата-аналардың 82 пайызы штаттық режимде білім алуға қарсы емес. 
Видеоконференцияға қатысқан жекеменшік мектеп директорлары да барлық санитарлық талаптарды сақтап, білім беру ісін офлайн өткізуге кетәрі емес.
Пандемияның салдарын қазір кәсіпкерлер қатты сезініп жатыр. Біздегі ата-аналардың көбі солар. Бұл тек біздің тілегіміз емес. Өмір жалғасуда. Пандемияға қарамастан, еңбек етіп, отбасын асырау міндеті тұр. Бұрыңғы өмірімізге ерте ме, кеш пе ораламыз. Сондықтан министрлікке штаттық режимде білім беруді жекеменшік мектептерде сынақ ретінде өткізіп көрсе дейміз, - деді TAMOS Education мектебінің даму жөніндегі директоры Даурен Қаупынбаев.

"Архимед мектептері" білім беру мекемесінің басшысы Архимед Искаков онлайн білім беруде сапа болмайды деген пікірде. Оның айтуынша, білім беруді тежесек балаларда деградация эффектісі байқалып, интеллектуалдық дамуына кері әсерін тигізеді.
Біз мұнда қарсыласуға емес, бірігіп шешім табуға жиналдық. Ведомство басшылары біздің тілегімізге құлақ түреді деген ойдамын. Жекеменшік мектептердің мүмкіндігін осы пандемия кезінде де ұтымды пайдалануға бағыттасақ деген ниет бар, - дейді ол.
Жекеменшік білім беру ұйымдары ассоциациясының төрағасы Роза Садықова да ата-аналар мен мектеп басшыларын қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, жекеменшік мектептің ең басты қадағалаушы органы ол – ата-аналар. Барлық қаржы солардың қалтасынан шығатындықтан, олар балаларының денсаулығына кері әсер ететіндей қадамға бармайды. 
Министрлікке де, бас санитар дәрігерге де хат жадық. Біз санитарлық талаптар мен білім берудің арнайы алгоритімін жасап әр баланың денсаулығын қадағалауды міндетін жеткізген едік. Министрлік штаттық режимде білім беру ісін жалпы алғанда қарсы емес. Алайда соңғы сөз бас санитар дәрігерде, - деп атап өтті ол.
"Аlpamys School" Динара Құдайқұлованың айтуынша, олар көптеген санитарлық дәрігерлермен ақылдасып, офлайн оқытуға рұқсат етсе ұстаздар бетперде режимін сақтайды, ал сыныптарды балалар оны кимейді, әр сынып кварцтелетінін, 15 минут сайын желдетілетінін, дәрігерлер баланың денсаулығын күнде қадағалап отыратынын атап өтті.

Бүгінде елімізде 182 жекеменшік мектеп тіркелген. Онда 50 мың оқушы білім алып, 10 мыңнан астам педагог жұмыс істейді.




Өзгелердің жаңалығы