«Астананы бекерге «ұшатын қасбеттер қаласы» деп атамайды»: ОСИ өкілі күрделі мәселені көтерді

20 Тамыз 2026, 15:04
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 20 Тамыз 2026, 15:04
20 Тамыз 2026, 15:04
135
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Астанада көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерінің қауіпсіздігіне қатысты мәселе өзекті болып отыр. ОСИ қауымдастығының жетекшісі Ерлан Карбаевтың айтуынша, тұрғын үй қасбетінің құлауына оны қабырғаға дұрыс бекітпеу себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, қасбеттің нақты жағдайын анықтау үшін техникалық зерттеу жүргізу қажет. Алайда мұндай зерттеудің құны 2,5-10 млн теңге аралығында болуы мүмкін. Бұл қарапайым тұрғындар үшін айтарлықтай қаржылық салмақ.

Егер ОСИ төрағасы қасбеттің жағдайын білмесе, оған қалай жауап береді? Оның арнайы білімі жоқ, ол техникалық маман емес. Ал тұрғындар техникалық зерттеу жүргізу үшін мақсатты қаржы жинаудан бас тартса, мұндай қомақты қаражатты қайдан алады? – деді Ерлан Карбаев.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлердің техникалық жағдайын зерттеу жұмыстары тұрғын үй инспекциясының міндетіне кіреді. Алайда бұл мақсатқа бюджеттен қаражат қарастырылмайды.

Заң бойынша мемлекет тарапынан техникалық зерттеу жүргізілуі керек. Бірақ қазіргі таңда бұл жұмысқа бюджетте қаражат жоқ. Оны ешкім жүргізбейді. Сонда қарапайым тұрғындар мұндай зерттеуге қажетті ақшаны қайдан алады? – деді ол.

Ерлан Карбаевтың айтуынша, тұрғын үйдің техникалық жағдайын тек көзбен шолып тексеру жеткіліксіз.

Біз жыл сайын техникалық түгендеу жүргіземіз. Бірақ біз техникалық маман емеспіз, тек көзбен шолып тексереміз. Егер қасбетте жарықшақ болса, оны көреміз де, жөндейміз. Ал жарықшақ болмаса, оның дұрыс бекітілмегенін қалай анықтаймыз? – деді қауымдастық жетекшісі.

Ол қасбеттің бір бөлігінің құлауына қатысты жағдайға да тоқталды. Оның айтуынша, бұған дейін тұрғын үйдің бірінші кіреберісінің үстіндегі қасбетке техникалық зерттеу жүргізіліп, анықталған кемшіліктер жойылған. Алайда кейін қасбет екінші кіреберістің үстінен құлаған.

Бірінші кіреберістің үстінде техникалық зерттеу жүргізіліп, мәселе шешілді. Ал қасбет екінші кіреберістің үстінен құлады. Ол жерде ешқандай техникалық зерттеу болмаған. Көзге көрінетін жарықшақ та, басқа белгі де байқалмаған, – деді ол.

Карбаевтың айтуынша, тұрғындар мәселе бойынша әкімдікке және Құрылыс істері жөніндегі министрлікке бірнеше рет жүгінген. Алайда мәселе түбегейлі шешілмеген.

Ол Астанадағы көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін жаппай техникалық зерттеуден өткізу қажет деп санайды.

Астананы бекерге «ұшатын қасбеттер қаласы» деп атамайды. Бүгінде қалада қасбеттердің құлау жағдайлары бар. Тіпті көп мақталған құрылыс салушылар мен құрылыс компаниялары тұрғызған үйлердің өзінде қасбеттер құлап жатыр. Сонда бұл үйлерді қабылдау кезінде ешкім тексермеген бе деген сұрақ туындайды, – деді Карбаев.

Оның пікірінше, мәселенің негізгі себептерінің бірі – құрылыс жұмыстарының сапасыз жүргізілуі.

Біздіңше, бірінші кезекте сапасыз құрылыс жүргізген құрылыс салушылар жауапты. Екіншіден, мұны тұрғын үй инспекциялары бақылауы керек. Әкімдіктер мен жергілікті атқарушы органдар да тұрғын үйлердің жағдайын бақылап, қасбетте мәселе анықталса, оны жөндеу жолдарын ұсынуы қажет. Өкінішке қарай, қазір тұрғындар барлық мәселенің соңынан өздері жүруге мәжбүр, – деді ол.

Карбаев ОСИ төрағаларына жүктелген жауапкершіліктің шамадан тыс екенін де атап өтті.

ОСИ дегеніміз – сол үйде тұратын қарапайым тұрғындар. Тек олардың арасынан белсенді адам төраға болады. Бірақ қазір барлық жауапкершілік соларға жүктеліп отыр. Ал олардың мұндай жұмыстарды жүргізуге қажетті қаражаты да, техникалық білімі де жоқ, – деді қауымдастық жетекшісі.

Ол тұрғын үйлердің қасбетіне берілетін кепілдік мерзіміне қатысты да мәселе көтерді.

Құрылыс салушылар қасбетке екі жыл ғана кепілдік беріледі деп есептесе, бұл дұрыс емес. Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған үйлердің қасбетіне сегіз жылға, жұмсақ шатырға алты жылға, ал жабынқышқа он жылға дейін кепілдік берілген. Екі жылдық кепілдік инженерлік желілерге, яғни жылу, жарық және су жүйелеріне қатысты. Ал қасбет пен шатырға екі жыл ғана кепілдік беру дұрыс емес, – деді Ерлан Карбаев.

Оның пікірінше, көппәтерлі тұрғын үй қорына толық техникалық зерттеу жүргізу мәселесін мемлекет деңгейінде шешу қажет.

Біз сайланатын Құрылтай депутаттарының алдында осы мәселені көтеруді сұраймыз. Көппәтерлі тұрғын үй қорына мемлекеттік деңгейде толық техникалық зерттеу жүргізуді заңнамалық тұрғыда бекіту қажет. Бұл келешекте осындай қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ол үшін алдағы жылдарға арналған бюджетке тиісті қаражат енгізілуі керек, – деді ол.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх