Астанадағы қаржы пирамидалары қай елден бастау алған?

8 Маусым 2023, 16:15
735
Бөлісу:
Астанадағы қаржы пирамидалары қай елден бастау алған?
Фото: Артём Чурсинов - архив

Қаржы пирамидаларының жетегінде кеткендер күн санап артуда. Салдарынан жылдап жинаған қаржысын 1 күнде салып жіберіп, соңында пайда тұрмақ ақшасының 1 теңгесін де ала алмай жүреді. Пирамида құрбанына айналған елордалықтарға қанша залал келтірілді? Осы сауалға жауап алу мақсатында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановпен сұхбаттастық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Астанада соңғы 3 жылда қанша қаржы пирамидалары анықталды?

Астана бойынша ЭТД өндірісінде қаржы пирамидасын ұйымдастыру фактілері бойынша

2021 жылы 2 - BestRoadInvestment, Invest Consulting Agensy

2022 жылы 5 - Antares Trade, Sincere Systems, MMK Investment, World Business Consulting, TheFiniko

2023 жылы 3 - QNET, Chia Thai Formacevtical, Отбасылық Капитал пирамидалары анықталды.

- Астана бойынша қанша қаржы пирамидасын ұйымдастырушы сотталды?

2021 жылы BestRoadInvestment ісі бойынша 3 адам, Invest Consulting Agensy бойынша 2 адам сотталды. 2022 жылы World Business Consulting, Antares Trade және Sincere Systems-ке қатысты іс сотта қаралуда. MMK Investment пирамидасын ұйымдастырған 2 адам сотталды. Сондай-ақ халықаралық тергеу тапсырмасының жіберілуіне байланысты TheFiniko-ға қатысты іс уақытша тоқтатылды. 2023 жылы QNET, Chia Thai Formacevtical, Отбасылық капиталға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

- Қанша елордалық қаржы пирамидаларының құрбанына айналды? Оларға қанша залал келтірілді?

2021 жылы BestRoadInvestment бойынша 190 жәбірленуші анықталды. Оларға 295 431 309 теңге залал келтірілді. Invest Consulting Agensy-ден 127 жәбірленуші зардап шеккен. Келтірілген залал 92 362 761 теңгені құрады.

2022 жылы Antares Trade компаниясынан 98 адам жапа шеккен. Оларға 176 655 749 теңге залал келтірілген. Сондай-ақ Sincere Systems-тен 2 жәбірленуші анықталды. Оларға 215 307 579 теңге залал келтірілген. Бұдан бөлек MMK Investment-тен 34 жәбірленуші анықталып, залал көлемі 169 263 975 теңгені құрады. Ал World Business Consulting-тен 82 жәбірленуші анықталды. Келтірілген залал 757 731 302 теңгені құрап отыр. TheFiniko тарапынан 12 жәбірленуші табылды. Олардың шығыны 136 865 918 теңгеге жеткен.

2023 жылы QNET, Chia Thai Formacevtical, Отбасылық капиталға қатысты қылмыстық істер өндірісте жатыр. Залал көлемі анықталуда.

- Алданған қанша елордалық ақшасын қайтара алды?

Қаржы пирамидасын ұйымдастыру фактілері бойынша тіркелген қылмыстық істерді тергеу барысында жәбірленушілерге 2021 жылы – 1 364 950 376 теңге, 2022 жылы – 789 884 047 теңге, 2023 жылы - 34 311 840 теңге қаражат қайтарылды.

- Астанада анықталған қаржы пирамидалары көбінесе қай елден бастау алған?

Анықталған пирамидалардың көпшілігі Ресейде құрылған.

Өзгелердің жаңалығы