Астанада 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымы 2 қазанда басталады. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлады.
Қала әкімдігінің қаулысына сәйкес, елордада жылу беру маусымы белгіленген мерзімде басталады.
Жылыту маусымына дайындық аясында елорданың жылу желілерінде қажетті жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, жылу желілерінің гидравликалық сынақтары өткізіліп, оның барысында анықталған ақаулар жойылды, - деп хабарлады елорда әкімдігі.
Сонымен қатар жылу инфрақұрылымында жоспарлы жөндеу және жаңғырту жұмыстары толық аяқталған.
«Астана-Теплотранзит» АҚ мәліметінше, кәсіпорын елорда тұтынушыларына жылу энергиясын сенімді тасымалдау және тарату бойынша қажетті жұмыстарды жүргізуге толық дайын.
Осылайша, Астанада 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымы 2 қазаннан бастап ресми түрде басталады.
Еске салсақ, 2026 жылғы 29 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс елдің алдағы жылыту маусымына дайындығы мәселесі қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге жылыту маусымына дайындықты жеделдетуді, ең алдымен әлеуметтік нысандарға жылу беруді бастауды тапсырды.
Белгілі болғандай, бұған дейін Қазақстанның бес өңірінде жылыту маусымы басталды.
Тағы оқи отырыңыз: 384 млрд теңге бөлінді: Қазақстанның алдағы жылыту маусымына дайындығы қалай?