Бүгінге дейін еліміздің бес өңірінде жылу беріліп жатыр. Жылыту маусымы апта соңына дейін тағы бес облыс пен Астанада басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Үкіметтің апта сайынғы отырысында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, жылыту маусымы Павлодар, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Риддер қаласында басталып кеткен. Апта соңына дейін Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Абай облысында жылу беріле бастайды. Нысандар мен тұрғын үйлерді жылуға қосу жұмыстары ауа райына байланысты жүргізіледі.
Энергия көздерінде жылыту маусымын бастау үшін қажетті отын қоры мен жабдық құрамы қалыптастырылды. 17 мың км электр беру желісін жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалды, төрт қосалқы станциядағы жұмыстар аяқталу сатысында. Сондай-ақ жылу желілерінің жалпы дайындығы жоспардағы 377 км-дің 374 км-ін немесе 99%-ын құрайды, – деп атап өтті Қайырхан Тұтқышбаев.
Дегенмен Энергетика министрлігінің ерекше бақылауында бірнеше өңір қалып отыр. Өткен аптада Петропавлда үш жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Ал Степногорск қаласында әлеуметтік нысандарға жылу беру 25 қыркүйектен басталды.
Премьер-министр Олжас Бектенов облыс әкімдеріне жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Ең алдымен әлеуметтік нысандарға – балабақшаларға, мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу беруді бастау қажет.
Жылыту маусымы белгіленген мерзімде қатаң басталуы керек. Ертең нысандардың дайындық паспорттарын беруге арналған құжаттарды тапсырудың соңғы күні. Әкімдер бұл процесті жеке бақылауына алуы қажет, – деді ол.
Жылыту маусымына қатысты мәселелерді үйлестіру міндетін Олжас Бектенов бірінші вице-премьер Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктеді.