Астана тұрғыны жол белгісіне қатысты әрекеті үшін жауапқа тартылды.
Елорда полицейлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында қала тұрғынының жол белгісіне шығып, оның айналасында билеп жүрген бейнежазбасын анықтады. Ол бұл әрекетін әлеуметтік желідегі парақшаларына контент түсіру мақсатында жасаған.
Өз қылығы салдарынан қыз жол белгісіне зақым келтіруі мүмкін еді. Ол қалалық инфрақұрылым нысандарына немқұрайлы қарап, қоғамдық тәртіп пен жалпыға ортақ әдеп нормаларын елемеген.
Құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол елорданың 23 жастағы тұрғыны болып шықты. Оған ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Сот шешімімен оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Полиция танымал болуға, лайк пен қаралым жинауға деген ұмтылыс жауапкершіліктен босатпайтынын ескертеді. Кейбір азаматтар әсерлі контент жасау үшін ойланбай әрекет етіп, қоғамдық тәртіпті бұзады, қала мүлкіне зиян келтіреді және айналасындағыларға құрметсіздік танытады.
Мұндай фактілер анықталып, оларға заң аясында тиісті баға беріледі. Полиция тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарауға және кез келген құқыққа қайшы әрекет заңда белгіленген жауапкершілікке әкелетінін есте сақтауға шақырады.
Еске салайық, бұған дейін дипломын сахнада жыртып тастаған колледж түлегі жанжалдан кейін кешірім сұрады.