Әлеуметтік желілерде Алматыдағы Халықаралық бизнес және коммуникация колледжі түлегінің әрекеті қызу талқыланып жатыр. Ол диплом табыстау рәсімі кезінде өз дипломын жұрттың көзінше жыртып тастаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл видео әлеуметтік желілерде тез тарады. Кадрлардан жас жігіттің дипломды алып, көрермендерге бұрылып, содан кейін жиналған қауымның көзінше құжатты жыртып жатқанын көруге болады.
Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Кейбіреулер түлектің бұл әрекетін сынға алып, оны тәрбиесіздікке балады. Енді біреулер мұны әлеуметтік желідегі танымалдылыққа ұмтылумен байланыстырды. Ал кейбі осылайша жас жігіт колледжге деген наразылығын білдіргісі келді деп топшылады.
Кейінірек колледждің ресми парақшасында түлектің бейнеүндеуі жарияланып, онда ол істің мән-жайын түсіндірді.
Мен, Абдрахман Дәулет Айдосұлы, ICB колледжінің студентімін. Әлеуметтік желілерде таралған диплом тапсыру рәсіміндегі бейнежазбаға байланысты колледж ұжымынан, оқытушылардан, Білім басқармасынан және барша жұртшылықтан шын жүректен кешірім сұраймын.
Ресми дипломға ешқандай зиян келтірілген жоқ. Көрініс үшін алдын ала дайындалған дипломның көшірмесі пайдаланылды. Менің әрекетімде ешқандай жаман ниет немесе колледжге және оның құндылықтарына құрметсіздік көрсету мақсаты болған жоқ. Болған жағдайға шын жүректен өкінемін және мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынына уәде беремін, – деді түлек.