Астанада кәріз құдығынан табылған нәрестенің анасы ұсталды

29 жастағы күдікті ұсталып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

 pixabay.com 16 Шілде 2026, 10:29
16 Шілде 2026, 10:29
194
Фото: pixabay.com

Елордада жаңа туған сәбидің кәріз жүйесінен табылуына байланысты 29 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Астана қаласының Полиция департаменті мәлімдеді.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде қаладағы қонақүйлердің бірінде әйелдің босанып, нәрестесін кәріз құдығына тастап кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, әйел жүктіліктің алтыншы айында мерзімінен бұрын босанған.

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Оқиғадан кейін қонақүй орналасқан тұрғын үй кешенінің тұрғындары да өз шағымдарын айтты. Олардың сөзінше, бұл нысаннан түнгі уақытта айқай-шу жиі естіліп, полиция бірнеше рет шақырылғанымен, мәселе толық шешілмеген.

Полицияның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері осы қонақүйден «102» қызметіне барлығы 19 шақырту түскен.

Соның нәтижесінде тыныштықты бұзғаны үшін 13 адам, ал қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін тағы 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұдан бөлек, қонақүй иесіне құқық бұзушылықтардың туындауына ықпал ететін себептерді жою жөнінде ресми ұсыным жолданған.

Полиция өкілдерінің айтуынша, аталған аумақ учаскелік инспекторлардың тұрақты бақылауында.

Еске салайық, бұған дейін Астанада кәріз құбырынан шала туған сәбидің денесі табылғаны туралы ақпарат тарады. 

Наверх