Астанада жерлеудің және зираттарды күтіп-ұстауды ұйымдастырудың бірыңғай тәртібін белгілеу көзделіп отыр. Елорда билігі осы мәселелерді қалалық деңгейде реттейтін жаңа қағидалар жобасын әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құжатты Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасы әзірлеген. Оны қалалық мәслихаттың шешімімен бекіту жоспарлануда.
Түсіндірме жазбаға сәйкес, қағидалар елорда аумағында жерлеу және зираттарды күтіп-ұстауды ұйымдастыру тәртібін айқындауы тиіс.
Жоба Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі 2026 жылғы 9 қаңтарда бекіткен үлгілік қағидалар негізінде дайындалған.
Жаңа құжат Астанада жерлеу ісін ұйымдастыруға және жерлеу орындарын күтіп-ұстауға қатысты бірыңғай талаптарды белгілейді деп күтілуде.
Сонымен қатар, жарияланған анықтамада болашақ қағидалардың нақты ережелері әзірге ашып көрсетілмеген. Атап айтқанда, қабірлерді күтіп-ұстау бойынша қосымша міндеттер, жерлеуді ұйымдастырудағы өзгерістер немесе қорымдарға қызмет көрсетуге қойылатын жаңа талаптар қарастырылатыны-қарастырылмайтыны нақтыланбаған.
Әзірге әңгіме мәслихат шешімінің жобасы туралы болып отыр. Жаңа ережелер олар бекітіліп, нормативтік акт күшіне енгеннен кейін ғана қолданысқа енгізіледі.