Астанада үшінші күнге созылған өрт аумағы 80 гектарға жетті

21 Маусым 2023, 12:18
987
Бөлісу:
Астанада үшінші күнге созылған өрт аумағы 80 гектарға жетті
Фото: Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметі

Елордалық ТЖД өрт сөндірушілері 80 гектар аумақта құрғақ шөптің өртенуін сөндіруді жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ТЖД, «Астана Орманы» бөлімшелерінің күшімен жекелеген өрт орындарын жырту және үнемі қарауылдау жұмыстары жүргізілуде. Өртті сөндіру басталғаннан бері авиация өрт ошақтарына 149 рет көлемі 447 тонна су төкті.

20 маусым күні сағат 20.16-да Қарағанды және Ақмола облыстарының ТЖД күштері мен құралдары үйлеріне кетті.

Астанада үшінші күнге созылған өрт аумағы 80 гектарға жетті

ТЖ министрі Сырым Шәріпханов көрші өңірлерден келген өрт сөндірушілерге жедел ден қойғаны және елордалық өрт сөндірушілерге құрғақ шөптердің өртенуін сөндіруге көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

Сөндіруге қазіргі уақытта барлығы 34 адам, 8 бірлік техника жұмылдырылды. Жергілікті жерде Өрт сөндіру штабы жұмысын жалғастыруда. Қала әкімдігі еріктілермен бірлесіп өртті сөндіруге қатысушылар үшін тамақ ұйымдастырды, - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, кеше таңертең Астана іргесіндегі Қорғалжын тасы жолы мен Қосшы қаласына қарай айналма жолдың арасында қураған ағаштың өртеніп жатқаны анықталды. Өртті сөндіруге басында жеке құрамның 15 маманы мен 3 техникасы жұмылдырылды.

Алайда Астанада қатты жел тұрып, жағдайды ушықтырып жіберді.

19 маусым сағат 15:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге жеке құрамның 140 адамы және Төтенше жағдай департаментінің 12 техникасы, әкімдіктің сегіз суару машинасы және Астана орманның 10 техникасы жұмылдырылыпты.

Қаланы түтін басып, демалу қиындады. Осыған байланысты қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды көшеге еш себепсіз шықпауға, пәтердің терезелерін ашпауға, көшеде бетперде тағып жүруге шақырды.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Премьер-министр Әлихан Смайыловқа есеп беріп, тұрғын үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ екенін айтты.

19 маусым сағат 17:30-дағы жағдай бойынша алапат өртті сөндіруге Астана қаласы ТЖД жеке құрамының 158 адамы мен 33 техникасы, сондай-ақ қала әкімдігі мен Астана Орманы техникасы, Қорғаныс министрлігінің екі МИ-17 тікұшағы тартылды.

Кеше BAQ.KZ тілшісі оқиға орнына барып жағдайды біліп қайтты. Сағат 18:52-дегі жағдай бойынша өрт әлі толықтай сөндірілмеген. Алдын ала болжам бойынша 15 гектар аумақта өртті сөндіру жұмысын жүргізіліп жатты.

Өртті сөндіруге Ақмола мен Қарағанды облыстарынан көмек келетіні хабарланды.

ТЖМ мәліметінше, сағат 21:09-да астана маңында болған өрт оқшауланды.

Кеше Астана қаласының әкімдігі және де өз еріктерімен Клуб добряков еріктілер командасы елордалық өрт сөндірушілерді ыстық тамақпен және сусынмен қамтамасыз етіп жатқаны белгілі болды.

Өзгелердің жаңалығы