Астанада полиция қызметкерлері Түркияға виза рәсімдеу кезінде интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Алаяқтық қалай жасалды?
Алаяқтық дерегі «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы айналасында анықталды.
Полиция мәліметінше, күдікті әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы өзін сенімді делдал ретінде көрсетіп, Түркияға виза рәсімдеуге көмек ұсынған.
Жәбірленушінің сеніміне кіргеннен кейін, ер адам құжаттарды дайындауға және виза рәсімдеуге алдын ала төлем сұраған. 600 мың теңгені алғаннан кейін ол уәде етілген міндеттемелерін орындамаған.
Бастапқыда күдікті түрлі сылтаулармен мерзімін ұзартып, кейін байланысқа шығуын тоқтатқан.
Полиция не анықтады?
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды интернет арқылы ақылы қызмет көрсету туралы ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады. Виза рәсімдеу, жұмысқа орналастыру немесе басқа да қызметтер үшін алдын ала төлем жасамас бұрын қызмет көрсетушінің қызметінің заңдылығы мен сенімділігін тексеру ұсынылады.
Тәртіп сақшылары тек ресми ұйымдар мен лицензияланған агенттіктерге жүгінуге, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы әрбір бесінші қылмыс интернет-алаяқтықпен байланысты екені хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Астанада баспана кезегін «жылжытып беремін» деп адамдарды алдаған әйел ұсталды
Ақтауда Африкадағы алмазға сенген 1000-нан астам салымшы қаржы пирамидасына алданды
Астанада екі көлікті алаяқтықпен иемденген автосалон менеджері сотталды