Қазақстандағы әрбір бесінші қылмыс – интернет-алаяқтық

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында елде 13,1 мың интернет-алаяқтық дерегі тіркелді.

21 Тамыз 2026, 19:07
АВТОР
 freepik.com 21 Тамыз 2026, 19:07
21 Тамыз 2026, 19:07
94
Фото: freepik.com

Қазақстанда интернет-алаяқтық соңғы жылдары ең кең таралған қылмыс түрлерінің біріне айналды. Статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде тіркелетін әрбір бесінші қылмыс интернет арқылы жасалған алаяқтыққа қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, 2018 жылы Қазақстанда интернет-алаяқтық бойынша небәрі 517 қылмыс тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш рекордтық деңгейге жетіп, 28,9 мың жағдай тіркелген, деп жазады Finprom.kz. Осылайша жеті жыл ішінде мұндай қылмыстар саны 55 еседен астам өскен.

Интернет-алаяқтықтың жалпы қылмыс құрылымындағы үлесі де айтарлықтай артқан. Егер 2018 жылы оның үлесі барлық қылмыстың тек 0,2 пайызын құраса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 23,3 пайызға жеткен. Яғни былтыр тіркелген әр төртінші қылмыстың бірі интернет-алаяқтық болған.

Биыл қылмыс саны азайғанымен, үлесі жоғарылап отыр

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында елде 13,1 мың интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3 пайызға аз.

Алайда интернет-алаяқтықтың жалпы қылмыс құрылымындағы үлесі төмендеген жоқ. Керісінше, барлық алаяқтық қылмыстарының 57 пайызы дәл осы санатқа тиесілі болған. Жалпы тіркелген қылмыстар арасындағы үлесі де 19,1 пайыздан 19,5 пайызға дейін өскен.

Интернет-алаяқтық ең көп тіркелген өңірлер

Жыл басынан бері ең көп интернет-алаяқтық фактілері Астанада тіркелген – 2,3 мың жағдай.

Одан кейін:

  • Алматы қаласы – 1,4 мың;

  • Павлодар облысы – 1,1 мың;

  • Алматы облысы – 1 мың;

  • Қарағанды облысы – 951 жағдай.

Бұл бес өңірге елдегі барлық интернет-алаяқтық фактілерінің жартысынан астамы немесе 50,7 пайызы тиесілі.

Ал қылмыс құрылымындағы үлесі бойынша Павлодар облысы көш бастап тұр. Мұнда тіркелген барлық қылмыстың 38 пайызы интернет-алаяқтыққа қатысты. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында да көрсеткіш жоғары.

Алаяқтар қандай тәсілдерді жиі қолданады?

2026 жылдың алғашқы жеті айында ең көп тараған алаяқтық схемасы өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, жалған SMS-хабарлама немесе телефон қоңырауы арқылы алдау болған. Мұндай 2,9 мың жағдай тіркелген.

Екінші орында – фишинг. Яғни жалған сайттар, электронды хаттар, сілтемелер немесе мобильді қосымшалар арқылы азаматтардың жеке деректерін ұрлау. Мұндай фактілер саны 2,7 мыңға жеткен.

Сонымен қатар:

  • қызмет көрсету туралы жалған хабарландырулар арқылы – 2,6 мың жағдай;

  • интернет-дүкендердегі алаяқтық – 1,9 мың жағдай;

  • онлайн несие рәсімдеуге байланысты алаяқтық – 1,3 мың жағдай тіркелген.

Онлайн несиелер бойынша алаяқтық азайып келеді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері 2,1 млрд теңгеге 1,3 мың алаяқтық несие анықталған.

Салыстырмалы түрде:

  • 2025 жылы – 5,1 мың жағдай (4,6 млрд теңге);

  • 2024 жылы – 8,7 мың жағдай (20,3 млрд теңге) болған.

Мамандар бұл көрсеткіштің төмендеуін онлайн несие беру кезінде енгізілген «салқындау кезеңі» мен биометриялық сәйкестендіру талаптарының күшеюімен байланыстырады.

Қаржы пирамидалары мен криптоалаяқтық та кездеседі

Жыл басынан бері:

  • қаржы пирамидалары мен жалған инвестициялық жобалар бойынша – 770 жағдай;

  • аккаунттар мен домендерді бұзу бойынша – 182 жағдай;

  • криптовалютаға қатысты алаяқтық бойынша – 170 жағдай тіркелген.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде таныстарының атынан ақша сұрау, жалған қайырымдылық акциялары, лотереялар мен конкурстар арқылы алдау фактілері де кездесіп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, интернет-алаяқтардың басым бөлігі әлеуметтік инженерия әдістерін қолданады. Яғни азаматтарды алдап, өз еркімен жеке мәліметтерін беруге немесе ақша аударуға көндіреді. Сондықтан мұндай қылмыстармен күресте құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, азаматтардың цифрлық сауаттылығы мен сақтығы да маңызды рөл атқарады.

Наверх