Астанада маршруттық автобус пен Toyota маркалы жеңіл көлік қатысқан жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласы Полиция департаментінен аталған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota көлігінің жүргізушісі Республика даңғылында оңға бұрылу кезінде қоғамдық көлікке жол бермеген. Салдарынан Iveco маркалы автобуспен соқтығысқан, - деді Астана қаласы ПД ресми өкілі Эльмира Шауленова.
Оның сөзінше, апат салдарынан автобустың екі жолаушысы зардап шекті. Олар дәрігерлер тексергеннен кейін үйлеріне жіберілді.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жол апатының видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.
Еске сала кетейік, 2 маусымда кешкі уақытта Астанада Республика даңғылының бойында қала ішінде жүретін жолаушылар автобусы жол апатына ұшырады. Астанада жол апаты болып, 15 жолаушы, соның ішінде 6 бала зардап шекті. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр екендігі айтылды.
Алдын ала деректерге сүйенсек, автобус жүргізушісі маневр жасау кезінде рульді басқара алмай, бағанға соғылған.
Аталған автобус апатынан зардап шегушілердің бірінің жағдайы ауыр екені де хабарланған болатын. Белгілі болғандай, сол қатты зардап шегіп, жағдайы ауыр халде болған 8 жасар жолаушы қыз аяғынан айырылды.
Жол апатынан кейін автобус жүргізушісі қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз.
Ал Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған қыздың отбасына пәтер берілетінін жеткізді. 9 маусымда қыздың отбасына 4 бөлмелі пәтерге сертификат табысталды. Сондай-ақ, бүлдіршінге жәрдемақы тағайындалатынын жаздық.