- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Астанада шу деңгейі нормадан асып кеткен: 69% талап бұзылғаны анықталды
Астанада шу деңгейі нормадан асып кеткен: 69% талап бұзылғаны анықталды
Елордадағы шудың негізгі көздері – көлік, құрылыс алаңдары мен коммерциялық нысандар.
20 Тамыз 2026, 10:14
Астанада жүргізілген шу деңгейіне қатысты зерттеулердің басым бөлігінде санитариялық талаптардың сақталмайтыны анықталған. 2026 жылы жүргізілген 234 зерттеудің 162-сінде, яғни 69%-ында рұқсат етілген шу деңгейінен асып кету дерегі тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаладағы акустикалық жайсыздықтың негізгі себептері – көлік қозғалысы, құрылыс алаңдары, ірі коммерциялық нысандардың желдету жүйелері және тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан ойын-сауық орындары. Бұл туралы Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев айтты.
Астанада шу деңгейі қандай?
Шу деңгейінің санитариялық-эпидемиологиялық мониторингі – халықтың денсаулығын шудың кері әсерінен қорғау үшін қаладағы акустикалық жүктемені тұрақты бақылауға, өлшеуге және бағалауға арналған мемлекеттік жүйе.
Астанада мұндай мониторингті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық бөлімшелері жүргізеді. Оның мақсаты – акустикалық жүктеменің елорда тұрғындарының денсаулығы мен өмір сүру сапасына әсерін бағалау, белгіленген нормативтердің сақталуын бақылау, шудың ықтимал көздерін анықтау және тұрғын үй аумақтарындағы шуды азайтудың тиімді жолдарын қарастыру. Мониторинг «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексімен реттеледі.
Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, елордадағы шу көрсеткіштері белгіленген нормадан жоғары.
Халық санының қарқынды өсуіне және қаланың кеңеюіне байланысты елордадағы акустикалық ластану деңгейі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормаларынан тұрақты түрде асып түседі. Астанада шудың орташа деңгейі күндіз 66,3 дБ, түнде 54,2 дБ құрайды. Ал тұрғын аудандардағы норма күндіз 55 дБ-ге, түнде 45 дБ-ге дейін болуы керек. 2026 жылы ҚР ДСМ-15 гигиеналық талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында шу деңгейіне 234 зерттеу жүргізілді. Оның 162-сінде, яғни 69%-ында рұқсат етілген деңгейден асып кету анықталды. Жалпы ресми шу өлшеулерінің 75%-дан астамы белгіленген санитариялық нормативтердің асып кететінін көрсетеді, – деді Мұхамғали Арыспаев.
Көлік, құрылыс және ойын-сауық орындары – негізгі шу көздері
Мониторинг қалалық шудың негізгі көздері шоғырланған нүктелерде жүргізіледі. Соның бірі – көлік қозғалысы қарқынды автомагистральдар мен көпірлер. Әсіресе сол жағалаудағы Мәңгілік Ел, Тұран, Қабанбай батыр даңғылдары мен Есіл өзені арқылы өтетін негізгі көпірлер назарға алынған.
Тағы бір негізгі фактор – ауқымды құрылыс жұмыстары. Қала бойынша жаңа тұрғын үй кешендерінің үздіксіз салынуына байланысты құрылыс техникасының шуы да акустикалық жүктемеге әсер етеді.
Бұдан бөлек, инфрақұрылымдық нысандардан шығатын дыбыс та есепке алынады. Олардың қатарында қуатты желдету қондырғылары, тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарындағы коммерциялық нысандардың кондиционерлері, ғимарат ішіндегі лифтілер мен қоқыс құбырлары бар.
Қаладағы акустикалық жайсыздықтың негізгі көздері ретінде құрылыс алаңдары, ірі коммерциялық нысандардың желдету жүйелері және тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарындағы ойын-сауық орындары қарастырылады. Сонымен бірге жазғы террасалардан, мейрамханалар мен түнгі мекемелерден шығатын қатты музыка мен шу, қала жағалауы мен алаңдарындағы дыбыс колонкалары қолданылатын көше қойылымдары да ескеріледі. Бұған жаңа ғимараттардағы жөндеу жұмыстарының дыбысы, көршілердің қатты музыкасы, иттердің үруі, тұрмыстық техниканың жұмысы және басқа да шу көздері кіреді, – деді департамент басшысының орынбасары.
Шу нормасы бұзылса, қандай шара қолданылады?
Мониторинг барысында экологиялық нормалардың жүйелі түрде асып кетуі немесе белгіленген шу деңгейінің бұзылғаны анықталса, экология немесе санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеру жүргізеді. Мұндай шаралар құрылыс салушыларға да, коммуналдық қызметтерге де қатысты болуы мүмкін.
Ықпал ету шаралары бұзушылыққа жол берілген нысанды иеленетін, басқаратын немесе оған жауапты заңды тұлғаға тікелей қолданылады. Олар әкімшілік айыппұл салуды, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беруді немесе қызметті тоқтата тұруды қамтиды, – деді Мұхамғали Арыспаев.
Бұл шаралар экологиялық және санитариялық заңнама талаптарына сәйкес қабылданады.
Астанада цифрлық шу карталары әзірленіп жатыр
Жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй құрылысын бақылау үшін цифрлық акустикалық карталар жасау бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Мұндай карталар қалалық ортаның қаншалықты жайлы екенін бағалауға, қорғаныс экрандарының құрылысын жоспарлауға, тұрғындар мен құрылыс салушыларға өмір сүруге қауіпсіз аумақтарды таңдауға көмектеседі.
Сонымен бірге олар қала құрылысын жоспарлау кезінде тұрғын аудандарды көлік пен өндірістік шудан оқшаулауға мүмкіндік беретін нақты акустикалық көрсеткіштерді көрсетуі тиіс. Жаңа ғимараттарды пайдалануға беру кезінде де дыбыс оқшаулау деңгейінің сараптамадан өтуі қамтамасыз етіледі.
Астанада ресми интерактивті шу карталарын енгізу мәселесі экологиялық және қала құрылысы бастамалары аясында көтерілді. Алайда ауаның ластану картасы немесе жол кептелісін көрсететін сервистер секілді жалпыға қолжетімді әрі үнемі жаңартылып отыратын бірыңғай ресми шу картасы әзірге толық іске қосылған жоқ. Ол қазір әзірлеу және енгізу сатысында, – деді Мұхамғали Арыспаев.
Оның айтуынша, цифрлық акустикалық карталар тұрғын аудандардағы нақты шу деңгейін көрсетуге және қаланы одан әрі жоспарлау кезінде акустикалық жүктемені ескеруге мүмкіндік береді.
Ең оқылған:
- Зейнетақы жинақтарын 100% аудару: 7 қыркүйектен бастап Қазақстанда жаңа ереже күшіне енеді
- Қатты жаңбыр мен +41°С ыстық: Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады?
- Тоқаев тоғыз елдің елшісінен сенім грамоталарын қабылдап, Қазақстанның басты ұстанымын айтты
- Таразда тәрбиеші аутизмі бар баланы қол-аяғын байлап ұйықтатпақ болған
- Теңге нығайды: Доллар қанша тұрады?
Мақпал ОРЫНБЕК