Баланың қызуы көтеріліп, жөтеліп, мұрнынан су ақса, ата-ана оны суық тию деп қабылдауы мүмкін. Алайда қызылша да осындай белгілерден басталады. Астанада биылғы тоғыз айда қызылшаға күдікпен 2 мыңнан астам жағдай тіркеліп, оның 1790-ы зертханалық жолмен расталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Айгүл Жүнісованың мәліметінше, елордада сырқаттанушылық көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,56 есе өскен.
Алғашқы белгілерін суық тиюмен шатастыруға болады
Қызылша - ауа арқылы тез таралатын жұқпалы ауру. Оның алғашқы белгілері бірден бөртпеден басталмайды. Науқастың дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болады, мұрнынан су ағып, жөтел басталады. Көзі қызарып, жасаурауы да мүмкін.
Сондықтан ата-ана баланың жағдайын тек бөртпенің бар-жоғына қарап бағаламауы керек. Маманның айтуынша, аурудың бастапқы кезеңінде ұрттың ішкі бетінде ұсақ ақ дақтар пайда болуы ықтимал.
Бөртпе бірден шықпайды: әдетте алғашқы белгілер басталғаннан кейін 3–5 күн өткен соң бет пен мойынның жоғарғы бөлігінде пайда болып, кейін денеге, қол мен аяққа таралады, – деді Айгүл Жүнісова.
Бұл ерекшелікті білу ата-ананың дер кезінде медициналық көмекке жүгінуі үшін маңызды. Дегенмен белгілерге қарап өз бетінше диагноз қоюға болмайды: баланың жағдайын медицина қызметкері бағалауы қажет.
Қауіп тек қызу мен бөртпеде емес
Қызылшаны денеге бөртпе шығатын жеңіл ауру деп қабылдау қате. Айгүл Жүнісованың айтуынша, инфекция өкпенің қабынуына, ми қабынуына және басқа да ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Әсіресе, екпе алмаған жас балалар үшін қауіпті.
Ата-ана үшін баланың қызуын түсіріп, жөтелін жеңілдету ғана емес, осы белгілердің себебін уақытында анықтау маңызды. Ал медициналық ұйымға алдын ала ескертпей бару өзге адамдардың инфекциямен байланысуына жағдай туғызуы мүмкін.
Балада белгі байқалса, не істеу керек?
Маман қызылшаға тән белгілер байқалған кезде бөртпенің шығуын күтпеуге кеңес береді. Ең алдымен науқастың басқа адамдармен байланысын шектеп, емханаға телефон арқылы хабарласу қажет.
Осындай белгілер байқалса, бөртпенің шығуын күтпей, басқа адамдармен байланысты шектеп, емханаға алдын ала телефон арқылы хабарласқан жөн, – деді бөлім басшысы.
Ата-ана медицина қызметкеріне баланың қандай белгілері барын, олардың қашан басталғанын хабарлағаны дұрыс. Әрі қарайғы әрекет дәрігердің нұсқауына сәйкес жүргізілуі керек.
Бұл кезеңде баланы балабақшаға, мектепке немесе қонаққа апармай, өзгелермен байланысын шектеу инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектеседі.
Екпе құжатын тексеру неліктен маңызды?
Айгүл Жүнісованың айтуынша, қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы - вакцинация. Бірінші дозаны алумен шектелмей, екінші дозасын да уақытында алу маңызды.
Ата-аналар баласының екпе құжатын тексеріп, қызылшаға қарсы екпелерінің толықтығын нақтылай алады. Егер екпе өткізіліп алса немесе оның салынғаны туралы мәлімет болмаса, емханаға жүгініп, медицина қызметкерімен толықтыру тәртібін талқылаған жөн.
Баланың екпе алған-алмағанын болжаммен емес, медициналық жазбаға сүйеніп анықтау қажет. Бұл ата-анаға келесі қадамын дәрігермен бірге жоспарлауға мүмкіндік береді.
Қызылшаның алғашқы белгілерін білу, медициналық көмекке дер кезінде жүгіну және екпелердің толықтығын тексеру - ата-ананың баласын қорғау үшін жасай алатын нақты қадамдары.