Астанада Қытайдан 20 жүк көлігін заңсыз әкелгендер сотталды

12 Қазан 2026, 11:13
АВТОР
 istockphoto.com 12 Қазан 2026, 11:13
12 Қазан 2026, 11:13
111
Фото: istockphoto.com

Қытайдан Қазақстанға 20 FAW жүк көлігін заңсыз әкеліп, кейін мемлекеттік сатып алу аясында 605 млн теңгеге өткізген үш адамға қатысты сот үкімі шықты. Сотталғандардан мемлекет кірісіне 285 млн теңге өндірілетін болды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады.

Тергеу барысында жүк көліктерінің іс жүзінде «Еуро-2» экологиялық класына сәйкес келетіні анықталған. Алайда кедендік рәсімдеу кезінде жалған мәліметтер қамтылған құжаттар пайдаланылып, техника «Еуро-5» экологиялық талаптарына сай деп көрсетілген.

Жүк көліктері Қазақстанға қалай әкелінген?

2023 жылғы ақпан-мамыр айлары аралығында «Нұр Жолы» және «Бақты» кеден бекеттері арқылы Қазақстанға 20 жүк көлігі заңсыз кіргізілген. Олардың кедендік құны 285 млн теңгені құраған.

Кейіннен техника коммерциялық құрылымдар арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында «ҚАЖсервис» ЖШС-не жалпы сомасы 605 млн теңгеге жеткізілген.

Осылайша, кедендік құны 285 млн теңге болатын жүк көліктері мемлекеттік сатып алу шеңберінде одан едәуір жоғары сомаға өткізілген.

Сот қандай шешім шығарды?

Сот үш айыпталушыны алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған аса ірі мөлшердегі экономикалық контрабандаға кінәлі деп таныды.

Сонымен қатар сотталғандардан контрабанда затының құнына тең 285 млн теңге мемлекет кірісіне ортақтасып өндірілді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Тағы оқи отырыңыз:

Астана – Қарағанды тасжолында жүк көлігі жол катогымен соқтығысты: жұмысшы зардап шекті

Қазақстан-Ресей шекарасы: «Жайсан» бекетінде 160 жүк көлігі жиналып қалды

Қазақстан – Қырғызстан шекарасында 400-ге жуық жүк көлігі кезекте тұр

Наверх