Астанада қоқыс полигонындағы 3 гектар аумақты қамтыған өрт толық сөндірілді

Өртті оқшаулау мен жоюға ТЖМ-нің қажетті күштері мен техникасы жұмылдырылды.

 ТЖМ баспасөз қызметі 12 Шілде 2026, 21:50
12 Шілде 2026, 21:50
159
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Астана қаласының Байқоңыр ауданында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан өрт толық сөндірілді. Тілсіз жау шамамен 3 гектар аумақты шарпыған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға орнында ведомство басшылығының жетекшілігімен жедел штаб құрылып, өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізілді. Өртті оқшаулау мен жоюға ТЖМ-нің қажетті күштері мен техникасы жұмылдырылды.

Сонымен қатар полигон аумағын инертті материалмен жабу бойынша инженерлік жұмыстар атқарылды. Бұл бағытта Астана қаласының әкімдігі құрылыс және инженерлік техниканы тартып, топырақты үздіксіз жеткізуді ұйымдастырды. Жалпы полигонға 15 мың тоннаға жуық инертті материал төгіліп, соның арқасында жану ошақтары оқшауланып, өрттің қайта тұтану қаупі азайтылды.

ТЖМ бөлімшелері мен Астана қаласы әкімдігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде өрт толықтай жойылды.

Бұған дейін Астанадағы қоқыс полигонындағы өрт үшінші тәулік бойы сөндіріліп жатқанын жазғанбыз.

Наверх