Астанадағы қоқыс полигонындағы өрт үшінші тәулік бойы сөндіріліп жатыр

Тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстары тәулік бойы жалғасуда, өрт ошақтарын оқшаулау үшін полигонға мыңдаған тонна инертті материал төгілді.

 ҚР ТЖМ 12 Шілде 2026, 13:55
12 Шілде 2026, 13:55
152
Фото: ҚР ТЖМ

Астанада 10 шілдеге қараған түні тұтанған қоқыс полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Байқоңыр ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру тәулік бойы жүргізілуде.

Өртті тиімдірек ауыздықтау үшін жұмыс екі учаскеге бөлініп, негізгі күштер мен техника сол жерлерге шоғырландырылған. Сонымен қатар өрт ошақтарын оқшаулап, жалынның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында полигон аумағына инертті материал төгілуде. Қазіргі уақытқа дейін полигонға шамамен 14,85 мың тонна инертті материал жеткізілген.

Құтқарушылардың жұмысына қою түтін, қалдықтардың тұрақсыз әрі борпылдақ болуы кедергі келтіруде. Соның салдарынан арнайы техниканың жүруі қиындап, ауыр техниканың еркін қозғалуына мүмкіндік шектеліп отыр.

Өрт сөндіру техникасына су өрт сөндіру автоцистерналары мен су таситын көліктер арқылы үздіксіз жеткізілуде. Олар суды өрт гидрантынан тасымалдайды.

Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың шамамен 120 қызметкері және 150 бірлік техникасы жұмылдырылған.

Төтенше жағдайлар министрлігі жағдай тұрақты бақылауда екенін мәлімдеп, өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.

Наверх