Apple OpenAI-ді коммерциялық құпияларды ұрлады деп сотқа берді

Apple компаниясының мәлімдеуінше, OpenAI қызметкерлерді өзіне тарту арқылы әлі жарияланбаған технологиялар, өндіріс процестері мен жаңа өнімдерге қатысты құпия ақпаратты заңсыз алған.

 Sven Hoppe / dpa / Global Look Press 12 Шілде 2026, 01:29
12 Шілде 2026, 01:29
118
Фото: Sven Hoppe / dpa / Global Look Press

Apple OpenAI-ді коммерциялық құпияларды заңсыз иемденді деп айыптап, АҚШ сотына талап арыз түсірді.

DW басылымының хабарлауынша, іс 10 шілдеде Калифорния штатының Солтүстік округтік сотында тіркелген.

Apple компаниясының мәлімдеуінше, OpenAI қызметкерлерді өзіне тарту арқылы әлі жарияланбаған технологиялар, өндіріс процестері мен жаңа өнімдерге қатысты құпия ақпаратты заңсыз алған. Компания бұл саясаттың барлық деңгейдегі қызметкерлерге, тіпті аппараттық бөлім басшыларына дейін бағытталғанын алға тартып отыр.

Талап арызда OpenAI аппараттық бөлімінің негізін қалаған, Apple-дің бұрынғы бас дизайнері Джони Айвтың жобасы – io Products, сондай-ақ Apple-дің бұрынғы қызметкерлері Тан Ю Тан мен Чан Людың есімдері аталады. Apple мәліметінше, қазіргі таңда OpenAI-де компаниядан кеткен шамамен 400 бұрынғы қызметкер еңбек етеді.

Өз кезегінде OpenAI тағылған айыптарды толық жоққа шығарды. Компания өкілі: «Біз басқа компаниялардың коммерциялық құпияларына қызығушылық танытпаймыз», – деп мәлімдеді.

AFP агенттігінің бағалауынша, бұл сот ісі OpenAI-дің болашақтағы IPO өткізу жоспарына кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, компания жасанды интеллектпен қатар тұтынушылық электроника нарығына шығуды да көздеп отыр.

Наверх