Астанада Халықаралық балаларды қорғау күні қалай атап өтіледі?

31 Мамыр 2022, 23:50
2612
Бөлісу:
Астанада Халықаралық балаларды қорғау күні қалай атап өтіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ертең, яғни 1 маусым күні көптеген елде Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтіледі. 

Нұр-Сұлтанда балалар мерекесіне орай 60-тан астам іс-шара, оның ішінде көрмелер, шығармашылық фестивальдар, спорттық жарыстар және т.б. өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

1 маусым күні таңертең қаладағы ауруханалардың акушерлік блоктарының бәрінде жаңа туған нәрестелерге арналған іс-шаралар өтеді. Мамандандырылған балалар үйінің тәрбиеленушілерін әкімдік, балалар қорының өкілдері, қоғам қайраткерлері құттықтайды.

Бұл күні қаланың барлық саябақтарында өтетін мерекелік іс-шараларға қатысуға болады. Жетісу саябағында «Мен бақытты баламын» балалар шығармашылығы мен спорт фестивалі өтеді. Бағдарламада спорттық ойындар, квесттер және аниматорлармен флешмобтар, сәндік-қолданбалы өнер және сурет салу бойынша мастер-кластар, концерттік бағдарлама және тегін балмұздақ тарату іс-шаралары өтеді. Ал Астаналық саябақ жұртшылықты «Балалық шақ әлемі» атты іс-шараға шақырады. Аумақ бес алаңға бөлінеді, олардың әрқайсысында тақырыптық аймақтар болады: балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Шаттық» шығармашылық қалалық конкурсы, «Қолөнер паркі» кондитерлік шеберлік, «Қиял толқыны» – құрақ құрау және тамбурлық кесте тігу, «FOTOкросс» фотозона, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар.

Жерұйық саябағында сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін «Сәлем, жаз!» №2 және №3 Балалар музыка мектептерінің вокал бөлімінің қатысуымен іс-шара өтеді.

Триатлон паркте сағат 10:00-ден 11:00-ге дейін батпырауықтар ұшырылады. «Балалық шақтың аспаны» іс-шарасына 250-ден астам бала қатысады деп күтіліп отыр. Кешке сағат 18:00-19:00-де мұнда аниматорлардың қатысуымен «Балаларға базарлық!» іс-шарасы өтеді.
Президенттік саябақта сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өтетін конкурстарға қатысуға болады. Жастар саябағы қонақтарды таңертеңнен бастап «Алақай, балақай!» мерекелік іс-шарасына шақырады. Мұнда бүлдіршіндер мен балаларға арналған интерактивті ойындар өтеді: коляскалар, велосипедшілер конкурсы, сол сияқты еңбектеп жүрген сәбилердің жарысы өтеді. Көктал саябағында ашық есік күні, концерттік бағдарлама, аниматорлар мен ойын-сауық ойындары өтеді.

DEMALYS PROMENADE аллеясында күні бойы концерттер, көрме, спорт фестивалі өтеді.

Елорданың аула клубтары да шет қалған жоқ. 1 маусымда олар асфальтта сурет салу конкурстарын, концерттер, жәрмеңкелер, спорттық турнирлер өткізеді.

1-3 маусым аралығында сағат 18:00-де Есіл өзені жағалауындағы амфитеатрда Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік концерттер ұйымдастырылады.

Мерекелік күнге орай Алматы ауданында он шақты жаңа аула алаңдарының салтанатты ашылуы өтеді.

Қаланың елді мекендері де арнайы іс-шаралар жоспарлап отыр. Үркер елді мекенінде тұрғындар үшін балалар шығармашылығы көрмесі, спорттық ойындар, ұзын бойлы қуыршақтар мен аниматорлардың қатысуымен концерт ұйымдастырылады. Осындай іс-шаралар Теміржолшылар, Промышленный, Интернациональный, Күйгенжар, Мичурино елді мекендерінде де дайындалып отыр.

Елорданың төрт ауданының спорт алаңдарында «Ана, әке, мен – спорттық отбасы» эстафетасы өтеді.

1 маусымда паралимпиадалық жаттығу орталығында үстел теннисінен ашық турнир, каратэ-до және таэквондодан қалалық турнир өткізу жоспарланып отыр.

Сарыарқа ауданында ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында көңілді старттар ұйымдастырылады. Амфитеатрда таңғы сағат 10:00-де «Балапан әлемі» республикалық фестивалі өтеді.

Қаланың барлық балабақшасында бұл күні бүлдіршіндерді ойындар, викториналар, спорттық және танымдық бағдарлама күтеді.
Жазушылар аллеясында бұл күні «Менің қолымнан келеді» байқауының қатысушыларын марапаттау рәсімі өтеді. «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балаларға арналған театрландырылған ойын бағдарламасы мен мерекелік фуршет өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы