- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Астанада алғашқы жолаушы ұшатын таксимен аспанға көтерілді
Астанада алғашқы жолаушы ұшатын таксимен аспанға көтерілді
Қазақстан болашақтың әуе көлігіне қадам жасады.
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
6 Тамыз 2026, 13:38
Астанада жолаушы мінген ұшқышсыз әуе кемесінің алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті. Тік ұшып-қонып, электр қуатымен қозғалатын (eVTOL) сериялық әуе аппараты «Future Games 2026» халықаралық турнирі аясында аспанға көтерілді.
Алғашқы ұшу сапары қалай өтті?
Ұшу елорданың арнайы рұқсат етілген аумағында өтті. Іс-шараға қатысушылар ұшқышсыз технологиялардың шынайы жағдайда қалай қолданылатынын өз көздерімен көрді.

eVTOL аппаратының қандай мүмкіндіктері бар?
EH216-S аппараты екі жолаушыны тасымалдауға арналған. Ол сағатына 130 шақырымға дейін жылдамдық жинап, 35 шақырымға дейінгі қашықтыққа ұша алады.
Бірінші кезеңде ұзақтығы 5-тен 30 минутқа дейінгі демонстрациялық және туристік бағыттарды іске қосу жоспарлануда. Мұндай ұшулар Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлерінің үстінен өтуі мүмкін.
Ұшқышсыз аппараттар қайда қолданылады?
Болашақта мұндай ұшқышсыз жолаушылар әуе жүйелері қолданыстағы көлік түрлерін толықтырып, еліміздің заманауи көлік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады.
Жоба ұшқышсыз әуе жүйелерін түрлі салада пайдалануды көздейді. Атап айтқанда, оларды шұғыл медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмек жеткізуге, өрт сөндіру жұмыстарына, логистикаға және жедел әрекет етуді қажет ететін басқа да бағыттарға қолдану жоспарланған.

Олар Қазақстанда өндіріле ме?
Жоба бағыттарының бірі – отандық ұшқышсыз әуе жүйелерінің өндірісін дамыту.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Қазақстанда жолаушылар ұшқышсыз аппараттарының оқшауланған (локалды) өндірісін жолға қою жоспарланған.
Бұл жоғары технологиялық машина жасау саласында жаңа құзыреттерді дамытуға, жұмыс орындарын құруға және өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Болашақта не өзгереді?
Көлік министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалалық әуе мобильділігін енгізу үшін құқықтық және инфрақұрылымдық база құру бағытында жұмыс істеп жатыр.
Қазақстанда eVTOL әуе кемелерін пайдалануды, вертипорттардың жұмысын және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқаруды реттейтін заңнамалық өзгерістер қабылданды. Бұл көліктің жаңа түрін қауіпсіз енгізуге жағдай жасайды.

Бұған дейін Қазақстанда аэротаксиді, жаңа буындағы электрлі ұшу аппараттарын және озық авиацияның басқа да технологияларын дамытуға арналған заңнамалық негіз құрылған болатын. Енді елде қалалық әуе мобильділігін – болашақта әдеттегі жүріс-тұрыс әдістерін өзгерте алатын жаңа көлік бағытын пайдалану мәселелері ресми түрде реттеледі.
Заңнамада не өзгерді?
Тиісті түзетулер «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңына енгізілді. Өзгерістер Қазақстан Президенті 2026 жылғы 24 маусымда қол қойған цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері жөніндегі заңға енді.
Құжат алғаш рет озық әуе мобильділігі (Advanced Air Mobility) ұғымын бекітті. Бұл бағыт тасымалдаудың екі түрін қамтиды:
-
қалалық әуе мобильділігі;
-
өңірлік әуе мобильділігі.
Негізгі жаңалықтардың бірі көптеген елде болашақ аэротакси сервистерінің негізі ретінде қарастырылатын тік ұшып-қонатын электрлі әуе кемелерін (eVTOL) пайдаланудың құқықтық базасын құру болды.
Аэротакси үшін қандай ережелер пайда болады?
Жаңа нормалар авиациялық техника өндірушілері мен аэротакси операторларының жұмыс істеуіне жағдай жасауды қарастырады.
Сондай-ақ заңнамада вертипорттардың – жаңа буындағы әуе кемелерін ұшыру, қондыру, қуаттау және оларға қызмет көрсетуге арналған арнайы алаңдардың мәртебесі бекітілген.
Бұдан бөлек, мыналар қарастырылған:
-
аэротакси өндірушілері мен операторларын сертификаттау механизмдері;
-
ұшқышсыз аппараттардың ұшуын басқарудың цифрлық UTM жүйесін құру;
-
киберқауіпсіздік пен цифрлық инфрақұрылымға қойылатын талаптар;
-
ұшқышсыз авиациялық жүйелерді тіркеу және пайдалану ережелерін жаңарту.
Аэротакси деген не?
Аэротакси – бұл тік ұшып-қонатын электрлі ұшу аппараты (eVTOL). Ұшаққа қарағанда оған ұзын ұшу-қону жолағы қажет емес: аппарат тікұшақ сияқты ұшып-қона алады.
Сонымен бірге ол электр энергиясымен жұмыс істейді, шуды аз шығарады және ең алдымен қысқа қалалық әрі қала маңындағы бағыттарға арналған.
Қазақстандағы аэротакси
Қазақстанда қалалық әуе мобильділігін дамыту жоспары туралы ресми түрде 2025 жылғы қарашада хабарланды. Ол кезде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, америкалық Joby Aero компаниясы, қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. және кәсіпкер Вячеслав Ким аэротакси жүйесін құру туралы меморандумға қол қойған еді.
Қазақстанда аэротаксидің алғашқы сынақ ұшуы 2026 жылғы мамырда өтті. Ұшу бортында жолаушыларсыз өтті – бұл халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді.
Жаңа көлікті қайда пайдалану жоспарлануда
Бірінші кезеңде аэротаксиді Alatau City, Алматы, әуежай және Алматы облысының туристік нысандары арасында тасымалдау үшін пайдалану жоспарланып отыр.
Сынақтан өткен AutoFlight Prosperity аппараты бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған. Ол 13 электр қозғалтқышымен жабдықталған, сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдық жинай алады және бір қуатпен 200 шақырымға дейін қашықтықты еңсере алады.
Әзірлеушілердің есептеуінше, болашақта Алматы әуежайынан Медеуге дейінгі жол шамамен 10-12 минутты алуы мүмкін.
Жол жүру құны қанша болады?
Әзірлеушілер аэротаксимен жүру құны әдеттегі таксимен қатарлас болады деп күтуде.
Сала өкілдерінің айтуынша, әлемдік тәжірибе бір жолаушыға километріне орташа есеппен 1 доллар шамасындағы құнды көрсетеді. Жаңа көліктің басты артықшылығы қалалық кептелістерді айналып өту мүмкіндігі есебінен уақытты үнемдеу болуы тиіс.
Сондай-ақ бұған дейін Астанада алғашқы аэротакси таныстырылғанын хабарлаған болатынбыз.
Ең оқылған:
- Дарын Мубаровпен түсірілген подкаст заң бұзушылық ретінде тексерілуде
- +42°C ыстық пен жаңбыр: Қазақстанда ауа райы құбылмалы болады
- Қазгидромет тамызда құрғақшылық күтілетін өңірлерді атады
- Алматыдағы тұрғын үй кешенінде дау: 2 мыңнан астам тұрғын көмек сұрады
- Қазақстанда автонесие жаңа ереже бойынша беріледі: Көлік алу қиындай ма?