Астанада 16-24 маусым аралығында А. Бараев көшесінің бір бөлігінде жол жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Астана әкімдігінің мәліметінше, А. Бараев көшесі бойында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты 16-24 маусым аралығында Республика даңғылы мен Ш. Уәлиханов көшесі аралығындағы учаскеде көлік қозғалысы ішінара жабылады.
Әкімдіктің хабарлауынша, жөндеу кезеңінде қозғалыс толық тоқтатылмайды. Көліктер екі бағыт бойынша жолдың бір жағымен қатынайтын болады. Қала билігі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол қозғалысы сызбасындағы өзгерістерді алдын ала ескеріп, бағыттарын жоспарлауға кеңес берді.
Сондай-ақ жөндеу жұмыстары кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықтарды азайту мақсатында уақытша жол белгілері мен арнайы көрсеткіштер орнатылады, – делінген хабарламада.
Әкімдік тұрғындардан уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, қозғалысты ұйымдастыруға қатысты талаптарды сақтауды сұрады.