Сары құрлықтың додасында 25 мемлекеттен 300-ден астам ауыр атлет жүлдеге таласып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігіне сілтеме жасап.
Бір аптаға жалғасатын жарыста жүлделер U17 және U20 жас санаттарында сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы жарысты ұйымдастырушы ел ретінде толық құраммен бақ сынайды. Ел құрамасы сапында 29 ауыр атлет бар.
Ауыр атлетикадан Қазақстан соңғы рет ірі доданы сонау 2013 жылы ауыр атлетикадан ересектер арасындағы Азия чемпионатын ұйымдастырған.
Дәл қазіргі сәтте ауыр атлетикада Азия құрлығының бәсі өте жоғары. Мысалы, 2024 жылы өткен жаһандық додада жүлде сапасы бойынша ТОП-5 елдің қатарына Солтүстік Корея, Қытай, Қазақстан, Өзбекстан кірген.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы Қатар астанасы Дохада өткен Азия чемпионатында жастарымыз 3 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль жеңіп алса, жасөспірімдеріміз 4 алтын, 3 күміс, 4 қоламен жалпы есепте топ жарған еді.