Әр шілденің басында елорда тұрғындары мен қонақтары Астана күнін атап өтеді. Бұл мереке – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы аса маңызды белес, халқымыздың бірлік пен жасампаздық рухының символы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана – ұлы мақсаттың символы. Бұл қаланың өсу тарихында әрбір іскер азаматтың үлесі бар. Солардың бірі – елорданың қалыптасуына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Дүйсенұлы Еркетаев. Оның өнегелі жолын еске алып, елорданың өткені мен бүгіні туралы пікірін білуді жөн көрдік.
"Біздің басты күшіміз – адамдарда"
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында:
"Мен үнемі айтамын – біздің басты күшіміз адамдарда, олардың жасампаз әлеуетінде. Өйткені білімді, еңбекқор әрі мақсаткер азаматтар ғана елімізді алға бастайды", – деп атап өткен еді.
Мұхтар Еркетаев – осы сипатқа толық сай тұлға. Ол еңбек жолын қарапайым механизаторлықтан бастап, елордадағы жауапты мемлекеттік қызметтерге дейін абыроймен атқарды.
Тың жерден бастап ел ордасына дейін
Мұхтар Дүйсенұлы 1945 жылы Солтүстік Қазақстанда дүниеге келді. Әкесінен ерте айырылған ол жастайынан еңбекке араласып, спортта да, қызметте де үздік болуға ұмтылды.
Жоғары партия мектебі мен аграрлық университетті тәмамдап, совхозда жетекшілік қызметтер атқарды. Тың игерудің бел ортасында жүріп, жастарға жол көрсетті.
Мұхтар Дүйсенұлы еңбек жолын қарапайым механизаторлықтан бастаған. Тың игеру жылдарында егін жинап, комсомол ұйымында белсенділік танытып, партия қызметінде тәжірибе жинады.
Тәуелсіздік жарияланған сәт – әр қазақстандықтың жүрегінде өшпестей із қалдырды. 1991 жылдан кейін ел тағдырына деген жауапкершілік ерекше артты, – деп еске алады ол.
"Алматы" ауданынан басталған үлкен жол
Тәуелсіздік алған жылдары көптеген қазақстандықтар үшін жаңа жол ашылды. Мұхтар Еркетаев та ел игілігіне қызмет етуді жалғастырып, мемлекеттік қызметке қабылданды.
1998 жылы конкурс арқылы Астананың жаңа құрылған "Алматы" ауданы әкімдігі аппаратының басшысы болып тағайындалдым. Ол кезде жеке ғимаратымыз жоқ, әр жерде отырып жұмыс істедік. Қиындық көп болды. Қысқа мерзімде ескі балабақша ғимаратын әкімдікке бейімдеп, ұжымды бір орталыққа жинадық, – деп еске алады ол.
Оның ұйымдастырушылық қабілеті жаңа астананың қалыптасу жылдарында айрықша көрінді.

Елордадағы тың бастамалар
2003 жылы Мұхтар Дүйсенұлы "Алматы" ауданының әкімі болды. Ол жылдары елорданың құрылысы қарқын алып, жаңа шағын аудандар, мектептер, мәдени нысандар бой көтерді.
Астана – жай ғана қала емес, тәуелсіздіктің тірегі. Біз ескі үйлердің инженерлік жүйесін жаңғыртуды, аулаларды абаттандыруды қолға алдық. Қаланың күн сайын құлпырып келе жатқанын өз көзімізбен көрдік. Елорда үлкен құрылыс алаңына айналды, – дейді ол.
Кейін "Нұр Отан" партиясының Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары ретінде саяси жұмыстарды үйлестірді. Ардагерлерді қолдау, жастар ұйымдарын дамыту, қоғамдық кеңесте халықтың үнін билікке жеткізу – оның қызметіндегі басты бағыттардың бірі болды.
Қазір Мұхтар Еркетаев – "Жаңа Астана" қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Ол зейнеткерлер мен ардагерлер үшін "Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын" құруды қолға алып, осы игі істі табысты жалғастырып келеді.
Астана күні – еңбектің, тұрақтылықтың мерекесі. Бұл қала – халықтың бірлігінің арқасында бой көтерді, – деп атап өтті Мұхтар Дүйсенұлы.
Жарты ғасырдан астам еңбек жолында ол түрлі марапаттарға ие болды. Бірақ Мұхтар Еркетаев үшін ең үлкен марапат – елорданың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі.
Ең маңыздысы – елге қызмет ету. Астана – менің тағдырымның бөлігі. Бұл қаланың әр көшесі, әр жаңа ғимараты мен үшін қымбат, – дейді ол.
Астана күні қарсаңында Мұхтар Дүйсенұлы барша елорда тұрғындарын құттықтады:
Бұл мереке – біздің бірлігіміздің белгісі. Астана әрқашан тұрақтылық пен өркендеудің үлгісі болып қала берсін! Баршаңызға амандық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін, – деді ол.