Astana Hub Seed Money технологиялық жобаларын қаржыландыратын болды

12 Тамыз 2021, 18:33
1743
Бөлісу:
Astana Hub Seed Money технологиялық жобаларын қаржыландыратын болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Astana_Hub Seed Money технологиялық жобаларын қаржыландыру бағдарламасын қолға алды. Бұған дейін жұмысын жаңа бастаған ІТ-кәсіпкерлер стартаптарын дамытуға ақша таба алмай қиналушы еді, енді бұл мәселені шешу мүмкіндігі ұсынылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин facebook-парақшасында жазды. 

Бағдарламаға қатысушыларға даму кезеңіне байланысты 5 млн-нан 20 млн-ға дейін беріледі:

ІТ-өнімдер прототипі мен пайдаланушылар базасы бар бастаушы стартаптар 5 млн теңгеге дейін өтінім жасай алады;

Орта кезеңдегі стартаптар, яғни пайдаланушылар базасы мен тұрақты сатылымдары бар болса, 10 млн теңгеге дейін ала алады;

Есептелген unit-экономикасы, қаржылық және маркетинг жоспарлары бар ілгері деңгейдегі ІТ-стартаптар 20 млн теңгеге қол жеткізе алады.
Бұл қаражатты кәсіпкерлер ІТ-өнімдерін жақсартуға немесе жалақыға, құрал-жабдыққа және басқа да керек-жараққа жұмсай алады. Astana Hub өз тарапынан стартап-командаларды тегін жұмыс орнымен, оқу және PR-қолдаумен, Тechpreneurs акселерациялық бағдарламаға қолжетімділікпен, салық жеңілдіктерімен және мүдделестермен кездесу мүмкіндіктерімен қамтамасыз етеді. Ал қатысушылар өз бизнестеріне толықтай қожалық ете алады және кірістің 2 пайызын аударып отырады. Бұл аударымдарды Astana Hub ІТ-стартаптарға бөлінетін қаржыны ұлғайтып, бағдарламаның өміршеңдігіне жұмсайды, - деді министр.

Айта кету керек, Seed Money бағдарламасына қазақстандық қана емес, шетелдік ІT-кәсіпкерлер де үміт арта алады.

Егер сіздің IT-стартапыңыз болса және бағдарламаға қатысқыңыз келсе, толық ақпарат мына сілтемеде: astanahub.com/pages/seedmoney

Өзгелердің жаңалығы