«Астана» халықаралық қаржы орталығында 2 мың компания жұмыс істейді

14 Маусым 2023, 19:50
554
Бөлісу:
«Астана» халықаралық қаржы орталығында 2 мың компания жұмыс істейді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровты қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президентке «Астана» халықаралық қаржы орталығының былтыр және биыл 5 айда атқарған қызметінің нәтижесі жөнінде баяндалды.

Мемлекет басшысына Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру аясында шетелден инвестиция тартуға жәрдемдесу, қарқынды капитал нарығын дамыту және қаржы индустриясындағы инновацияларды ілгерілету секілді негізгі үш бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берілді.

Ренат Бектұровтың айтуынша, Қаржы орталығы құрылғалы бері Қазақстанға 8,3 миллиард доллардан астам инвестиция тартқан. Соңғы жылдары АХҚО қатысушыларының саны қарқынды өсіп келеді. Әлемнің 75 елінен 2 мыңға жуық компания бизнес жүргізу үшін АХҚО-ның юрисдикциясын таңдады.

Әлемдік ірі қаржы институттары, атап айтқанда қытай банктері, араб елдерінің қаржы құрылымдары және танымал технологиялық компаниялар АХҚО базасында өкілдігін белсенді түрде ашып жатыр.

Жалпы, Орталық құрылған сәттен бастап АХҚО экожүйесіне қатысушылар бюджетке 50 миллиард теңгеден астам, соның ішінде  былтыр 26 миллиард теңге көлемінде салық төлеген. Қаржы орталығы құрамындағы дауларды шешу институттары (АХҚО соты және Халықаралық төрелік орталығы) бүгінге дейін 2 мыңнан астам коммерциялық және қаржылық істі қараған.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев АХҚО-ны халықаралық аренада еліміздің басты инвестициялық алаңдарының бірі ретінде ілгерілету қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы АХҚО құрамындағы биржаны, реттеушіні және басқа да институттарды әлемдік үздік стандарттар негізінде одан әрі дамыту маңызды екеніне назар аударды.

Өзгелердің жаңалығы