Астана халықаралық әуежайы өзінің 8,3 миллионыншы жолаушысына қызмет көрсетті.
Бұл – 2024 жылғы рекордтық көрсеткіш, Астана әуежайы үшін де тарихи оқиға.
Әуежайдың баспасөз қызметі хабарлағандай, 8,3 миллионыншы жолаушысы LO195 рейсімен Варшава-Астана бағытымен ұшып келді.
Астана халықаралық әуежайы жылдан-жылға әлемдік авиациялық қоғамдастықта өз маңыздылығын дәлелдеп келе жатыр. 2024 жылы біздің әуежайдан Сеул, Гоа, Фукуок, Пхукет, Абу-Даби, Сиануквилл, Милан, Прага және Минералды Суларға тұрақты рейстер ашылып, жаңартылды. Өткен жылы біз 7,5 миллион жолаушыға қызмет көрсетсек, биыл жолаушылар ағынының өсімі 10% құрап, 8,3 миллионға жетті, – деді Астана халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Юсуф Альжавдер.
Астана әуежайынан орта есеппен 200-ден астам рейс ұшырылады. Бұл Қазақстанның бас қаласына туристік және іскерлік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.