Әскери оркестр елордалықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады

9 Наурыз 2024, 16:08
529
Бөлісу:
Әскери оркестр елордалықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады
Фото: gov.kz

Көктем мерекесінде Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі астаналықтарға өз өнерлерін тарту етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қалыптасқан дәстүр бойынша әскери музыканттар елорданың халық ең көп жиналатын орындарында өнер көрсетіп, астана тұрғындары мен қала қонақтарын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

«Керуен сити» сауда-ойын-сауық орталығындағы жағдай бәрімізге танымал «Қалалық бақта үрмелі аспаптар оркестрі ойнады» әнінің сахнасын еске түсірді. Әскери музыканттардың айналасында бос орын болған жоқ. Оркестр әскери музыкадан бөлек классикалық, заманауи әуендер мен джаз ойнады. Ал сауда орталығының сыртында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің тәрбиеленушілері мен Қарулы күштердің ардагерлері жүргіншілерге гүл шоқтарын сыйлады.

Мереке қарсаңында әскери музыканттар «Қазмедиа орталығы» мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалында да осындай акциялар өткізген болатын. Телерадиокешеннің залында 68665 әскери бөлімі құрмет қарауыл ротасының сарбаздары әскери оркестрдің сүйемелдеуімен саптық дефиле көрсетті. Вокзалда әскери қызметшілер қыз-келіншектерге гүл сыйлады.

Әскери үрмелі аспаптар оркестрлерінің орындауындағы марштық музыканы көрермендер әрдайым жылы қабылдайды. Ол барлық жастағы тыңдарманның жан дүниесінде резонанс тудырып, патриоттық сезімдерін оятады. Бұл жолы да әскери музыканттар тыңдаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлай алды деп толық сеніммен айтуға болады.

Өзгелердің жаңалығы