Ашық және жүйелі реформалар басталды

19 Наурыз 2021, 12:41
1814
Бөлісу:
Ашық және жүйелі реформалар басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру туралы тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі (СЖРА) мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін дайындап, көпшілікке таныстырды. 

«Астана» Халықаралық қаржы орталығының баспасөз қызметінің мәліметінше, СЖРА аталған құжатты дайындауға Үкімет мүшелерінен бөлек сарапшыларды да тартып, халықаралық озық тәжірибені де ескерді. Агенттік төрағасы Қайрат Келімбетов айтып өткендей, мемлекеттік жоспарлаудың негізі ретінде «адамға бағытталған» қағидаты сақталды. Яғни барлық құжат, оның ішінде ұлттық жобалар азаматтардың қажеттіліктері мен сұраныстары негізінде құрылмақ.

«Қазақстан-2050» стратегиясына жету жолы жетілдірілді

Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бүгінге дейін қабылданған құжаттардан айырмашылығы қандай деген көпшіліктің көкейінде сауал туындауы мүмкін. Осы тұста ұзақмерзімді мақсаттардың өзгеріссіз қала беретінін айта кету керек. Алайда сол мақсаттарға жету жолдары қазіргі таңдағы ішкі және сыртқы экономикалық ахуалдарды ескере отырып айтарлықтай жаңартылғаны анық. Қазіргі көтеріліп отырған реформалардың басты міндеті – «Қазақстан-2050» стратегиясына жету ғана емес, оны барынша жылдам орындау.

«Қазақстан-2050» стратегиясы қазіргі таңда толығымен өзекті және өзгермейді. Менің ойымша, оған мемлекеттік жоспарлаудың жаңартылған жүйесінде біз сипаттаған тәсілдерді пайдалану арқылы, атап айтқанда бес жылдық кезеңдерге арналған басымдықтар мен солардың негізіндегі құжаттарды іске асыру арқылы қол жеткізе аламыз, - деді Қайрат Келімбетов.

Ашық және жүйелі реформалар басталды

Агенттік төрағасының айтуынша, «Қазақстан-2050» стратегиясы мемлекет дамуының ұзақ мерзімді мақсатын айқындайтын елдің негізгі құжаты, яғни жоғары деңгейдегі құжат болып қала береді. Ал қазіргі таңда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі тарапынан дайындалып жатқан құжаттар осы стратегияның белгілі бір аралықтағы мақсаттарына жету жолдары ретінде қызмет етпек.

Жалпыұлттық басымдықтар мен оған жету жолдары

Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы қазіргі жағдайларда және әлемдік дамудың қазіргі трендтері кезінде іске асырады. Бірінші деңгейдегі құжаттар елдің ұзақ мерзімді және орта мерзімді кезеңдегі даму мақсатын анықтайды.

Елдің ұзақ мерзімді даму жоспары – «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыру үшін Жалпыұлттық басымдықтар енгізіліп отыр. Бұл басымдықтар 2050 жылға дейінгі және оған дейінгі мерзімдердегі нақты мақсатқа жету жолдарын айқындайды. Одан бөлек бесжылдық жоспарлар аясында 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары, Аймақтарды дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары, ұлттық қауіпсіздік стратегиясы әзірленуде. Бұл құжаттар Жалпыұлттық басымдықтардың жүзеге асырылуын қамамасыз етпек.

Екінші деңгейдегі құжаттар өңіраралық мәселелер бойынша және салалар арасындағы мәселелер бойынша жүргізілетін саясатты анықтайды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі даму жоспарына жетудегі маңызды міндеттемелерді орындауда Ұлттық жобалардың орны ерекше.

Үшінші деңгейдегі құжаттар даму жоспарлары секілді жоғарғы құжаттардың орындалуын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдардың даму жоспарлары оған дейінгі құжаттардың орындалуын қамтамасыз етеді.

Үш деңгейдегі құжаттар арасында өзара байланыс қамтамасыз етіліп, «Қазақстан-2050» стратегиясы, Жалпыұлттық басымдықтар мен өзге де ірі құжаттарды орындауға жұмылдырылады.


Құжаттардың орындалуын халық бақылай алады

Жоғарыда аталған ел дамуының маңызды көрсеткіштеріне жету үшін бақылау да тиісті деңгейде болуы қажет. Осы орайда, жақын арада Data-Driven Government платформасын іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ деректерді басқаруға, тұрақты мониторингті жүзеге асыруға және алдын алу саясатын жүргізуге мүмкіндік беретін реформалар мониторингінің Ұлттық талдамалық орталығы құрылды. Ал «Smart Data Ukimet» ақпараттық жүйесі сәттегі жағдайды жедел бағалау үшін деректердің толық және интерактивті визуализациясын қамтамасыз етеді.

Мұның бәрі Қазақстанда ашық және жүйелі реформаларды іске асыру үшін мемлекеттік жоспарлау бойынша озық тәжірибелер енгізіліп жатқанын көрсетеді.

Өзгелердің жаңалығы