Әшімбаев қайтадан Сенат спикері болды

26 Қаңтар 2023, 11:00
834
Бөлісу:
Әшімбаев қайтадан Сенат спикері болды
Фото: Ақорда

26 қаңтарда Мәулен Әшімбаев қайтадан сенат спикері болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қаңтарда Мәулен Әшімбаевты сенат спикерлігіне кандидат етіп ұсынды. Депутаттар ұсынылған кандидатураны қолдады. Дауыс беру үшін сенат депутаттарына 50 бюллетень берілді. Жарамсыздар жоқ. 50-і қарсы емес деп дауыс берді, қалыс қалғандар жоқ. Осылайша Мәулен Әшімбаев Сенат төрағасы болып сайланды.

Сенат төрағасы мемлекет басшысы мен халықтың сенімін ақтауға бар күшін салатынын айтып, алғысын жеткізді.

Құрметті әріптестер, кездесуімізге президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Конституцияға сәйкес, ол мені Палата спикері қызметіне ұсынды және сол арқылы маған үлкен сенім білдірді. Мен үшін бұл - үлкен жауапкершілік. Сіздер мемлекет басшысының ұсынысын қолдадыңыздар. Бұл үшін көп рақмет. Мемлекет басшысы мен халықтың сенімін ақтауға бар күшімді саламын, - деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев 1971 жылы 28 қаңтарда Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін және Тафтс университетін, Флетчердің құқық және дипломатия мектебін (АҚШ) бітірген. Экономист – саяси экономия пәнінің оқытушысы, халықаралық қатынастар магистрі. Саясаттану ғылымдарының кандидаты.

Еңбек өтілі:

  • 1993-1994 жж Баспасөз және БАҚ министрлігі жүйесінде жұмыс істеді.
  • 1994 жылғы мамырдан 1995 жылғы наурызға дейін - ҚР Жоғарғы Кеңесі депутатының көмекшісі.
  • 1995 жылғы маусымнан қарашаға дейін - ҚР Қауіпсіздік Кеңесі кеңсесінің консультанты.
  • 1995 жылғы қарашадан 1999 жылғы сәуірге дейін - ҚР Президенті Әкімшілігінің Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы бөлімінің аға сарапшысы, сектор меңгерушісі, бірінші орынбасары.
  • 1999 жылғы сәуірден 2000 жылғы мамырға дейін - ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау орталығының басшысы.
  • 2000 жылғы мамырдан 2002 жылғы ақпанға дейін - ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау орталығының басшысы - ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
  • 2002 жылғы ақпаннан 2005 жылғы мамырға дейін - ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
  • 2005 жылғы мамырдан 2006 жылғы сәуірге дейін - ҚР Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары.
  • 2006 жылғы сәуірден 2011 жылғы қазанға дейін - ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары.
  • 2012 жылғы қаңтардан 2018 жылғы ақпанға дейін - бесінші және алтыншы сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.
  • 2018 жылдың ақпанынан 2019 жылдың маусымына дейін – «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
  • 2019 жылғы шілдеден желтоқсанға дейін – ҚР Президентінің көмекшісі.
  • 2019 жылғы желтоқсаннан 2020 жылғы мамырға дейін – ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.
  • 2020 жылғы мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды, алтыншы сайланған ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды.

 

Өзгелердің жаңалығы