Әшімбаев: Наурыз - елдік пен ынтымақтың, бірлік пен берекенің мерекесі

22 Наурыз 2022, 10:25
1515
Бөлісу:
Әшімбаев: Наурыз - елдік пен ынтымақтың, бірлік пен берекенің мерекесі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев фейсбук әлеуметтік желісінде Наурыз мейрамымен құттықтады. 

Құрметті достар!

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастауы. Бұл күн елдік пен ынтымақтың, бірлік пен берекенің мерекесі. Халқымыз әз-Наурызды қашанда жақсылық пен жаңашылдықтың жаршысы ретінде үлкен үмітпен қарсы алады. Ұлтымыздың ежелден қалыптасқан салт-дәстүрі осы күндерде кеңінен дәріптеледі.

Тіршілік атаулы түгел қайта жанданатын осындай сәтте еліміздің дамудың жаңа кезеңіне қадам басуы символдық мәнге ие. Шын мәнінде, халық Мемлекет басшысының Жолдауын жаңа Қазақстанның бастауы ретінде қабылдап жатыр. Сондықтан Жаңа жылымыз жаңа мақсаттар мен міндеттер іске асатын табысты жыл болады деп үміттенеміз. Жыл жақсылығымен келсін.

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтай отырып, әр отбасына амандық, құт-береке және жаңа жетістіктер тілеймін! Әз-Наурызда айтылар ақ жарма тілектер қабыл болып, арман-мұраттарымызға жете берейік.

Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!

Өзгелердің жаңалығы