Әшімбаев дәстүрлі діндер съезіне дайындық барысы туралы айтты

27 Тамыз 2022, 15:04
1363
Бөлісу:
Әшімбаев дәстүрлі діндер съезіне дайындық барысы туралы айтты

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев отандық телеарналарғаберген сұхбатта Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің маңызы туралы айтып, биылғы форумның жаңа геосаяси ахуалдағы ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәулен Әшімбаев Дін лидерлерінің Съезін шақыру Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты ортақ күш-жігерді біріктіруге деген ұмтылысынан туындағанын атап өтті. Сондай-ақ ол сол кезеңде Съезд Хатшылығының басшысы ретінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумды өткізудің бастауында тұрғанын айтты. Сенат Спикері әлемдік қоғамдастықтың форумға деген қызығушылығының артуы оның қазақстандық сыртқы саясаттың қажеттілігі мен тиімділігін баса көрсетіп отырғанын да тілге тиек етті.

Алғашқы Съезд 2003 жылы өткізілді. Оған 17 діни ұйымның, оның ішінде әлемдік діндердің лидерлері мен өкілдері келді. Содан бері арада 20 жыл және 6 Съезд өтті. Әр Съезд әлемде диалог мәдениетін тарату, өзара түсіністіктікті арттыру, әлемдік және дәстүрлі діндерді жақындастыру, рухани көшбасшылардың адамзат дамуының өзекті проблемалары бойынша бірыңғай ұстанымды әзірлеуі тұрғысынан маңызды рөл атқарды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы осы жылдар ішінде сыртқы сын-қатерлерге бірлесіп жауап іздеу және әлемдік діндер арасында өзара іс-қимыл үрдісі кеңінен байқалып отырғанына назар аударды. Сонымен қатар, соңғы жылдары рухани көшбасшылар ымыралы шешімдер мен ынтымақтастықтың ортақ платформасын іздеудің үлгісін көрсетті. Осы ретте форум мәдениеттер мен өркениеттер арасында көпір қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл Қазақстанның негізгі тарихи миссияларының бірі.

Біздің халқымыз ежелден ашықтық, бейбітшілікке төзімділік қағидаларын ұстанған. Біз әрқашан басқа діндерге құрметпен қарап келеміз. Ашықтық және толеранттылық мәдениеті белгілі бір дәрежеде біздің тарихымыздың, географиямыздың және шексіз даламыздың көрінісіндей. Дәл осындай құндылықтар біздің ұлттық кодымыздың маңызды бөлігін құрайды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан этникааралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісін қалыптастырды. Ол уақыт сынынан өтіп, өзінің тұрақтылығы мен келешегі зор екенін көрсете алды, – деді Сенат төрағасы.

Съезд Хатшылығының басшысы алдағы форумның бірегейлігі туралы да сөз қозғады. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, VII Съезд дін лидерлерінің қатысуы тұрғысынан мәртебесі жоғары болмақ. Биыл форумға Съезд тарихында алғаш рет Рим Папасы қатысады. Жоғары мәртебелі меймандардың қатарында әл-Азхардың Бас имамы шейх Ахмед ат-Тайеб, иудаизм мен буддизмнің лидерлері, даосизм, синтоизм және басқа діндердің өкілдері бар.

Қазіргі таңда 100-ден астам дін лидерлері мен діни ұйымдардың басшылары өздерінің қатысатынын растады. Бұдан басқа, жетінші Съезд кезінде әлемнің көптеген елдері мен әлеуметтік топтар үшін өзекті мәселелер көтеріледі. Атап айтқанда, радикализмді, сенімсіздікті, ксенофобияны еңсеру жолында білім беру мен діни ағартуды дамытуға, әр діннің бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді қозғайтын секциялық отырыстар болады. Секциялық отырыста әйелдердің отбасы мен қоғамдағы мәртебесін нығайтудағы қазіргі діни ұйымдардың рөлі туралы мәселе де сөз болады. Сондықтан бұл Съезден әлемдік қоғамдастық, әлемдік БАҚ үлкен үміт күтіп отыр, – деді Әшімбаев.

Сол кезде қабылданатын қорытынды құжат – VII Съезд декларациясы Съезд жұмысының нәтижесі болмақ. Онда әлемдік діндер лидерлері неғұрлым көкейтесті әлемдік проблемаларды шешудің маңыздылығы туралы өз пікірлерін білдіреді. Олардың ішінде геосаяси шиеленістер мен қақтығыстарға байланысты түйткілдер, әлеуметтік проблемалар және басқа да мәселелер бар. Декларация БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде таратылады.

Осылайша, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі өркениетаралық диалогты қамтамасыз етуге және бейбітшілікті, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға маңызды үлес қосады. Сондай-ақ жалпы әлемдік проблемаларды еңсеруге жол ашады.

Форум жұмысына рухани лидерлермен бірге БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИСЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ, Дүниежүзілік ислам лигасы және басқа да халықаралық ұйымдардың басшылары қатысады.

Өзгелердің жаңалығы