Әшімбаев биыл Сенат тек заң шығарумен айналыспайтынын айтты

10 Қаңтар 2023, 23:46
917
Бөлісу:
Әшімбаев биыл Сенат тек заң шығарумен айналыспайтынын айтты

Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жазды, деп жазады BAQ.KZ.

 Биылдан бастап Сенат өз қызметінде заң шығарумен қатар орталық деңгейде өңірлердің мүддесін қорғауға басымдық береді. Бұл ретте жергілікті өкілді органдармен байланысты арттырудың маңызы зор. Соған байланысты бүгін бір топ сенатормен бірге Жамбыл облысының мәслихат депутаттарымен кездестік. Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілеп берген басты міндеттерді және елімізде жүргізіліп жатқан кешенді реформаларды кеңінен талқыладық, – деді Мәулен Әшімбаев.

Ол сенат пен мәслихаттар арасындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттарына тоқталды.

Бұл ретте мәслихат депутаттарын заң шығару қызметіне, парламенттік тыңдаулар, Үкімет сағаттары, комитеттердің көшпелі отырыстары сияқты маңызды іс-шараларға тұрақты түрде қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта әріптестеріміздің пікірлері мен ұсыныстары заң шығару ісінің сапасына оң әсерін тигізеді деп сенеміз. Осылайша Сенат тарапынан өңірлердегі өзекті мәселелердің оң шешілуіне және аймақтардың дамуына ықпал ету көзделіп отыр, – деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ Әшімбаев сапар барысында аграрлық бағытта еңбек етіп жүрген кооператив өкілдерімен және шаруашылық ұжымымен кездескенін айтты.

Осы ретте облыста бұл бағытта пилоттық жоба табысты іске асырылып жатқанын атап өткен жөн. Бұл тәжірибені басқа өңірлерде дәріптеп, оның мүмкіндіктерін азаматтарға түсіндіру аса маңызды. Кездесуде кәсіпкелер аталған жоба аясында қолға алған бастамаларын таныстырды. Сондай-ақ жұмыстарын одан әрі жандандыру үшін тұқым мәселесі, сумен қамтамасыз ету, субсидия және тағы басқа түйткілдерге қатысты пікірлерін айтты. Алдағы жұмыстарымызда бұл мәселелер ескерілетін болады, – деді ол.

Әшімбаев өткен аптада өңірде қатты дауыл соғып, салдарынан бірқатар тұрғын үй мен әлеуметтік нысанның зардап шеккенін еске салды.

Соған байланысты Қаратау қаласындағы орталық жылу қазандығының жұмысымен және шаһардағы үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру барысымен танысып, жергілікті тұрғындармен де кездестік. Әулиеата өңірі - киелі де тарихи мекен. Қастерлі өлкедегі барлық бастамалар сәтті жүзеге асырылуына және облыстың өркендей беруіне тілектестігімізді білдіреміз, – деді Сенат төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы