Әшімбаев: Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуы – ұлт ретінде өсуіміздің жарқын көрінісі

17 Наурыз 2022, 10:31
2469
Бөлісу:
Әшімбаев: Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуы – ұлт ретінде өсуіміздің жарқын көрінісі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуы біздің ұлт ретінде өсуіміздің жарқын көрінісі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Палата спикері Мәулен Әшімбаев айтты.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Бұл Жолдаудың бұрынғылардан мәні де, маңызы да айрықша болды. Онда «Жаңа Қазақстан» құрудың және жаңғыру мен жаңарудың басым бағыттары нақты айтылды. Президентіміз Жолдауда еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды, - деп айтты ол.

Әшімбаевтың сөзінше, соған сәйкес реформалар мен тың бастамалар туралы сөз болды. Соның ішінде Парламенттің күшін кеңейту керегі де айтылды.

Мұндай қадам жаңару мен жаңғыру жолында Парламентке үлкен міндет пен жауапкершілік жүктейді. Соған байланысты Мемлекет басшысы Сенат пен Мәжілістің жұмысы мен құрылымына қатысты реформаларға тоқталды. Енді Сенаттағы Президенттік квотаның саны 15-тен 10-ға дейін қысқарады, - деп атап өтті Палата төрағасы.

Сенат төрағасы өңірлердің мүддесі ең басты басымдықтарының бірі болып қала беретінін айтты.

Президенттің шешімімен өңірлердің саны көбейетін болды. Яғни біздің жұмысымыздың аясы кеңейеді. Сондықтан алдағы уақытта осы бағыттағы мақсат-міндеттеріміз бұрынғыдан да арта түседі. Шын мәнінде Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуы біздің ұлт ретінде өсуіміздің жарқын көрінісі, - деді Мәулен Әшімбаев Сенатта.

Өзгелердің жаңалығы