«Асфальт қолмен жұлынады»: Степногорскідегі жағдайға әкімдік түсініктеме берді

17 Қыркүйек 2026, 21:43
АВТОР
 видеодан скриншот 17 Қыркүйек 2026, 21:43
17 Қыркүйек 2026, 21:43
84
Фото: видеодан скриншот

Степногорск қаласында жол жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру кезінде жаңадан төселген асфальттың талапқа сай еместігі анықталды. Тексеруге қатысқан депутат жол жабынының бір бөлігін қолмен-ақ жұлып алған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Видеода көрсетілгендей, тексеріс 6-шағынаудандағы №11 үйдің аумағында жүргізілген. Кей жерлерде асфальт астындағы негіз талапқа сай дайындалмағаны, сондай-ақ жол жиегіндегі бордюрлердің дұрыс бекітілмегені белгілі болған.

Мердігер ұйым аталған учаскеде тиісті бақылау жүргізілмегенін мойындап, кемшіліктерді жоюға уәде берген. Мәселені шешудің бір жолы ретінде проблемалы жерге қиыршық тас төсеп, үстінен жаңа асфальт қабатын салу ұсынылған.

Алайда тексеруге қатысушылар мұндай шешіммен келіспеген. Олар сапасыз төселген асфальтты толық алып тастап, жол негізін қайта дайындап, содан кейін ғана жаңа жабын төсеуді талап етіп отыр.

Осы жағдайға қатысты Ақмола облысының әкімдігі түсініктеме берді.

Әкімдік мәліметінше, Степногорск қаласының 6-шағынауданындағы №11 үйдің ауласы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясындағы дауыс беру нәтижесінде жеңімпаз деп танылған. Жобаның мердігері – «Арман Group» ЖШС, ал тапсырыс беруші – Степногорск қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.

Жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері мердігер тапсырыс берушіге орындалған жұмыстар актілерін ұсынған. Алайда анықталған кемшіліктерге байланысты олар қабылданбай, кері қайтарылған. Мердігерге барлық ескертуді жою талабы қойылған.

Әкімдік осы уақытқа дейін мердігерге қалалық бюджеттен ешқандай қаражат төленбегенін атап өтті. Төлем жұмыс толық аяқталып, барлық кемшілік жойылғаннан және нысан белгіленген талаптарға сәйкес қабылданғаннан кейін ғана жүргізіледі. Қазіргі уақытта мердігер жұмысты өз қаражаты есебінен атқарып жатыр.

Абаттандыру жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ тұрғындардың өтініштері ескеріліп, нысанда депутаттар мен блогерлердің қатысуымен комиссиялық тексеру жүргізілген. Әкімдік бұл тексеріс нысанды қабылдау рәсімі болмағанын, тек жоба барысын аралық бақылау мақсатында ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта нысан тапсырыс беруші тарапынан қабылданбаған.

Тексеру барысында асфальтбетон жабынының астындағы негізді дайындау мен төсеуге, битумды қосымша құюға және бордюр тастарын цемент ерітіндісімен нығайтуға қатысты ескертулер анықталған.

Барлық ескерту мердігер ұйымға жеткізілді және оларды жою қажет, – деп хабарлады әкімдік редакцияның сауалына берген жауабында.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Информационное агентство BAQ.KZ (@baq.rus)

Наверх