Арыстанбек Мұхамедиұлы балаларға арналған тегін туристік пойыз шығаруды ұсынды

21 Мамыр 2019, 11:50
4238
Бөлісу:
Арыстанбек Мұхамедиұлы балаларға арналған тегін туристік пойыз шығаруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдан бастап барлық өңірге тегін «Балалардың туристік пойызы» жобасы іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты.

«Балалар мен жасөспірімдер туризмінде ішкі көші-қон ағынының оң серпінін жасау үшін «KIDS GO FREE» қағидаты бойынша балалардың тегін авиамаршруттарын субсидиялау жоспарлануда. Мұндай тәжірибе кең халықаралық тәжірибеге ие және әлемнің көптеген дамыған елінде қолданылады. Олардың арасында Ұлыбритания, Катард, Таити, Скандинавия елдері бар. 2020 жылдан бастап барлық өңірде тегін «Балалардың туристік пойызын» іске қосу жоспарланып отыр. «Басымдық әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға, білім беру жарыстарының жеңімпаздарына, үздік оқушыларға және басқаларға беріледі», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр одан бөлек, елдегі балалар-жасөспірімдер туризмін дамытуды бұдан әрі жандандыру үшін Үкімет жанындағы тиісті Үйлестіруші кеңесті құру талап етілетінін айтты.

«Осы орайда, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы балалар-жасөспірімдер туризмін дамыту мәселелері жөніндегі комиссияны құруға көмек көрсету жөнінде тапсырма беруіңізді сұраймыз», - деді Үкімет басшысына Мәдениет және спорт министрі.

Бұған дейін Үкімет отырысында Асқар Мамин балалардың жазғы демалысына көңіл бөлмеген өңірлерді атады.

Өзгелердің жаңалығы