Ардагер Амангелді - Ердің ері

5 Мамыр 2023, 20:15
2083
Бөлісу:
Ардагер Амангелді - Ердің ері
Фото: qazaqstan.tv

Ардагер Амангелді - Ердің ері. Бұл өлеңді талай ұрпақ жаттап өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанның қай түкпірінде болса да мектеп табалдырығын аттаған бала Абай, Шоқан, Ыбырай сияқты даналар мен Амангелді, Әліби, Бекболат, Сырым сияқты батырларды өнеге етіп, атын жаттап өскен. Биыл сол батырлардың бірі, Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің бас сардары Амангелді Имановтың туғанына 150 жылдығы аталып өтіп жатыр.

Көпшілік сәуір айының басында «Батырдың биік тұлғасы» атты ғылыми конференция өткізілгенін жақсы біледі. Арнайы телехабарлар түсіріліп, радиохабарлар үзбей жүргізіліп келеді. Жазылған мақалалар да өте көп.

Бір ай бойы республиканың бас музейінде Қостанай облыстық әкімдігінің өлкетану музейі жасақтаған Амангелді батыр мен оның сарбаздарының өмірінен, ұлт-азаттық күрестің тарихынан сыр шертер бай экспозиция жұмыс істеді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында батыр ұрпақтарымен кездесу өтіп, тың деректер жария етілді.

Ел бастап, ту көтерген Амангелді батырдың тұлғасын танытуға арналған іс-шаралар легі жалғасуда. Солардың бірі – ұлт-азаттық көтеріліс өткен өлкеге, батырдың туған жері Амангелді ауданына автожорық. «Амангелді батыр рухына тағзым» атты жорықты ұйымдастырушы Торғай өңіріне белгілі азамат, кезінде Амангелді ауданының, Арқалық қаласының әкімі болған, білікті құрылысшы, жиһанкез Жомарт Түбекбаев.

Құрамында белгілі жазушы Камал Әлпейісова, танымал журналист Анар Төлеухан, батырдың ұрпағы Еркін Сейітжанов, тағы басқа белсенді азаматтар бар автоколонна 6 мамыр күні таңғы 5-те елордадағы Амангелді Иманов көшесінен сапарға аттанады.

Бұдан әрі де біз жорыққа қатысушылардың сапар барысынан жазған материалдарын жариялап тұрамыз.

Өзгелердің жаңалығы