«Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек» – Қорғаныс министрі армияны реформалаудың негізгі бағыттарын атады

Әскерде жауынгерлік даярлық жүйесі жаңартылады, артық есептілік қысқарады. Қорғаныс министрі әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне ерекше мән берді.

28 Қыркүйек 2026, 17:35
АВТОР
 @modgovkz 28 Қыркүйек 2026, 17:35
28 Қыркүйек 2026, 17:35
193
Фото: @modgovkz

Қазақстанның Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов ведомство басшылығымен алғашқы жұмыс кеңесінде армияны одан әрі жаңғырту бағыттарын айқындады. Әскери қызметшілердің қауіпсіздігі, нақты жауынгерлік әзірлік, заманауи қақтығыстар тәжірибесіне негізделген дайындық және артық есептілікті қысқарту негізгі міндеттердің қатарында, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кеңесте Қарулы күштерді одан әрі дамыту және реформалау бойынша негізгі міндеттер қаралды. Басым бағыттардың бірі – Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы берген армияны кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларды іске асыру.

Әскерді дамыту кезінде заманауи қауіп-қатерлер, қарулы қақтығыстар тәжірибесі, әскери технологиялардың қарқынды дамуы және әскери қызметтің қауіпсіздігі ескеріледі.

Негізгі назар әскерлердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, жауынгерлік даярлық сапасын көтеруге, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы дамытуға аударылады.

Әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне басымдық беріледі

Кеңесте әскери қызметшілердің моральдық және жауынгерлік рухын нығайту мәселесі де қаралды.

Командирлерге әскери ұжымдарда салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру, тәрбие жұмысының сапасын арттыру және жеке құрамның қызмет ету жағдайларын жақсарту тапсырылды.

Сонымен қатар әскери қызмет қауіпсіздігіне, жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алуға және мұндай жағдайларға жол бермеуге ерекше назар аударылмақ.

Әскери даярлық тәсілдері өзгереді

Министр әскери қызметшілерді даярлау тәсілдерін қазіргі заманғы ұрыс қимылдарына барынша жақындату қажеттігін атап өтті.

Оқыту практикалық тәжірибеге және заманауи қарулы қақтығыстарды талдауға негізделуі керек. Әскери даярлық барысында ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, барлау мен байланыс жүйелерін және басқа да жаңа технологияларды қолдану тәсілдері ескеріледі.

Әскери бөлімшелердің де жоғары деңгейдегі даярлығына басымдық берілмек. Командирлерге жеке құрамның машығын жетілдіру, бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылын қамтамасыз ету және әртүрлі жағдайда міндеттерді орындауға тұрақты әзірлігін сақтау тапсырылды.

Артық есептілік қысқартылады

Армияны реформалаудың тағы бір бағыты – әскерлерді басқару жүйесін жетілдіру.

Бұл ретте үдерістерді цифрландыруды жалғастырып, артық әкімшілік рәсімдерді, есептілікті және практикалық маңызы жоқ кеңестерді қысқарту көзделіп отыр.

Босаған ресурстар әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс.

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесін де жетілдіру жоспарланған. Сатып алу мен ресурстарды бөлу кезінде әскерлердің нақты қажеттіліктері мен жауынгерлік даярлықтың басым бағыттары ескерілуі керек.

Министр бюджет қаражатын тиімді пайдалануды, тиімсіз шығындарға жол бермеуді және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруды тапсырды.

Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек, – деді Қорғаныс министрі.

Кеңес барысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан Қорғаныс министрлігінің қызметіне кешенді тексеру барысы да қаралды.

Құрылымдық бөлімшелердің басшыларына комиссия жұмысына қажетті қолдау көрсетіп, сұратылған барлық ақпаратты ұсыну тапсырылды.

Наверх