Ақтоғайда жаңа спорт кешендері мен алаңдары салынады – Қарағанды облысы

12 Маусым 2023, 08:13
402
Бөлісу:
Ақтоғайда жаңа спорт кешендері мен алаңдары салынады – Қарағанды облысы
Фото: архив

Ақтоғай ауданынында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарлануда. Бұқаралық спортты дамыту үшін барлық ауылдарда волейбол-баскетбол алаңдары, хоккей корттары мен көкпарға арналған алаңдар салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сарышаған кентінде ДСК «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынады. Ал Ақтоғай ауылында орталық стадионды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Аудан әкімі Руслан Кенжебеков жастарды бұқаралық спортқа тарту және ауылдарды дамыту перспективалары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте айтып берді.

Маңызды міндеттердің бірі – жастарды бұқаралық спортқа тарту. Ол үшін жағдай жасаймыз. Сарышаған кентінде ДСК саламыз, Шашубай кентінде дәл осындай нысан үшін жобалау-сметалық құжаттаманы дайындаймыз. Барлық елді мекендерде биыл баскетбол-волейбол алаңдары, ат спортын, көкпарды дамытуға арналған алаңдар, хоккей корттары және балалар спорттық ойын алаңдары орнатылады, - деді аудан әкімі Руслан Кенжебеков.

Денсаулық сақтауды дамытуға да көңіл бөлінеді. Орталық аурухананың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қаражат бөлінді, Қызыларай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталды. Келесі жылы тағы тоғыз елді мекенде денсаулық сақтау саласының жаңа нысандары салынады деп жоспарлануда.

Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Шашубай ауылында 100 пәтерлі көп қабатты үй қалпына келтіріледі. Сондай-ақ ауданда орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысы жалғасуда. Жобаны 2024 жылы аяқтау көзделіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы