Ақтөбе облысында азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығын күзетіп, осы салада абыройлы еңбек етіп жүрген тәртіп сақшылары жетерлік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сондай жандардың бірі — Тұрарбек Ешпағанбетов. Ол Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Баршақұм ауылында туған. Осы жерде орта мектепті аяқтап, 2003 жылы Ақтөбе қаласындағы мұнай және газ колледжіне оқуға түскен. Оқу орнын 2006 жылы тәмамдап, техник-механик мамандығын алып шыққан. Ал 2008 жылы сәуір айында Ақтау қаласындағы №25744 теңіз жаяу әскері қатарына алынып, бір жыл Отан алдындағы борышын өтеген.

Әскерден келген соң Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің алғашқы даярлық курсында үш ай оқыған. Содан 2010 жылдың мамыр айында Темір аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші көмекшісі лауазымына тағайындалып, жұмысқа орналасқан. Міне, содан бері ол 15 жыл бойы үздіксіз осы бөлімде қызмет атқарып келеді.
- Менің отбасымда әскери қызметте жұмыс істеген адам болған жоқ. Бұл салаға өз қалауыммен келдім. Міне, 15 жылдан бері аудандық бөлімде кезекші көмекшісі болып жемісті еңбек етіп келемін. Шенім — старшина. Мұндағы міндетім — аудан бойынша келіп түскен шақыртуларға дер кезінде нарядтарды жіберіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ бөлімге келген азаматтарды қабылдап, оларды учаскелік инспекторларға, тергеушілерге бағыттап отырамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Қиындығы көп болса да осы қызметті жауапкершілікпен атқарып келемін, - дейді Тұрарбек.
Тәртіп сақшысы өз жұмысына ұқыпты, жауапкершіліктің жүгін жақсы біледі. Бүгінде оған бұл саладағы жұмыстың барлығы бес саусағындай таныс. Ең бастысы, қырағылық пен сақтықты ұмытпау керек. Себебі оқыс оқиғалар ойламаған жерден болады.
Темір ауданы — облыстағы үлкен аудандардың бірі. Мұнда жол-көлік оқиғалары, оқыс жағдайлар жиі тіркеліп жатады. Сондай кезеңде Тұрарбек әріптестерімен бірге тез қимылдап, өз жұмыстарын ыждағаттылықпен орындауға тырысады. Қашан да қиындық пен арпалысқа толы ішкі істер органдарының жұмысы шыдамдылықты, төзімділікті, аса жауапкершілікті талап етеді.
Біздің кейіпкеріміз — жас болса да өз биігін бағындырған жігіт. Ол осыдан 14 жыл бұрын
ҚР Президентінің Жарлығымен ІІІ дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталған. Оның бұл марапатты алуына 2011 жылы шілде айының басында Темір ауданына қарасты Кеңқияқ, Шұбарши ауылдарында қылмыскерлер мен полициялардың арасында болған қақтығыс себеп болған. Тұрарбек осы қақтығыста қылмыскерлерді ұстау барысында қатты жараланған. Екі жерден: омыртқасына және бас сүйегіне оқ тиген. Дегенмен қауіптен аман қалып, қызметіне қайта оралған.
- Ішкі істер органдарында қызмет етіп жүрген соң берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындауға міндеттіміз. Өйткені бұл — адам өмірі мен қауіпсіздігіне жауап беретін қызмет саласы. Сондықтан біз дене дайындығымен қатар психологиялық дайындықта жүруге тиіспіз. Қызмет болған соң, әртүрлі оқыс оқиғалар, көлік апаттары, адам өлімі тіркеліп жатады. Соның барлығына салқынқанды қарап, өз жұмысымызды адал атқаруымыз керек, – дейді ол.
Бүгінде Тұрарбек — әріптестері арасында сыйлы тәртіп сақшысы ғана емес, адал жар, сүйікті әке. Ол отбасында келіншегі екеуі бес бала тәрбиелеп отыр.
Жан-жақты полицей жұмысындағы мінсіз қызметі үшін “Айбын” орденімен ғана емес, сондай-ақ аудан әкімінің “Ерлікке құрмет” төсбелгісімен, бірнеше мәрте облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Облыста өз қызметін абыроймен атқарып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың бірі — Мейірбек Егінбай.
Ол бұл салада 2017 жылдан бері қызмет етіп келеді. Жоғары оқу орнын “құқықтану” мамандығы бойынша тәмамдаған ол бүгінде Ақтөбе қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонында инспектор болып жұмыс істейді. Шені — аға лейтенант. Осыған дейін жемісті еңбегі үшін Президенттің Жарлығымен “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған.
Жас болса да зор жетістіктерге қол жеткізіп жүрген ол — бүгінде бір отаудың иесі. Қазір келіншегі екеуі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олар жақында ғана үйленіп, отбасын құрған. -Патрульдік полиция кез келген шақыртуға бірінші болып жетеді. Көп жағдайда біз көлік қозғалысында, сондай-ақ қоғамдық тәртіпте құқық бұзушыларды тоқтатамыз, қылмыстардың алдын аламыз. Жалпы, полицей болу оңай емес. Егер оқыс оқиғалар болған жағдайда уақытқа қарамастан, дереу жұмысқа шығамыз, тұрғындардан арыз-шағымдар түссе, сол іске белсене кірісіп, қылмыскерлерді табуға жұмыламыз. Бір сөзбен айтқанда, ішкі істер органдарда жұмыс істеудің жауапкершілігі зор, - дейді ол.
Мейірбек қай кезде болса да өз жұмысын бірінші орынға қояды. Ол қызметінің қиындығына қарамастан, ел қорғаны болып, берген антына адалдық танытып жүр. Тәжірибесі аз болғанымен, оның жұмысына деген ұқыптығы, бірбеткей мінезі мен өзгелерге деген жанашырлығы әріптестері арасында мақтаулы, үлгілі болуына оң ықпал етуде.

Тәртіп сақшысы болу — бұл қиындығы мен қызығы қатар жүретін қауіпті қызмет. Соған қарамастан полицейлер қашан да берген анттарына адал, қызметтеріне өте жауапты.
Кәсіби мерекесінде біз осындай тәртіп сақшыларына толағай табыстар мен амандық тілейміз.