Ақтөбелік оқушы Азия олимпиадасында жүлдегер атанды

Ақтөбелік оқушы Азия олимпиадасында жүлдегер атанды
506

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әлішер Еркебаев Үндістанда физика пәнінен өткен Азия олимпиадасында қола жүлдегер атанды.

Әлемнің 27 елінен 200-ден астам оқушы қатысқан білім додасында Әлішер өзінің білімі мен ыждағаттылығының арқасында жақсы нәтиже көрсетті. Дарынды оқушының олимпиадада күміс жүлдені иеленуіне 0,6 ұпай ғана жетпей қалыпты.

Бұл үшін өкінбеймін. Бұл жолы алмасам, келесі жолы міндетті түрде алтын алуға тырысамын. Осы олимпиадада жіберген қателіктерімді келесі додаларда қайталамас үшін тынбай оқып, ізденетін боламын, - дейді ол.

Ақтөбе қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Әйгерім Аманғосованың айтуынша, биыл білім додасына Ақтөбеден бөлек Атырау, Павлодар, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан 8 оқушы қатысқан.

Ақтөбенің намысын қорғап, Азия олимпиадасында қоланы иеленген Әлішерге ұстаздары да, достары да риза. 

Осындай жарыстарға біздің мектептің оқушылары жиі қатысып тұрады. Биылғы оқу жылында бұл бағытта жеткен жетістігіміз аз емес.  Ал Әлішердің бұл жүлдесі, тіпті, ерекше жеңіс. Бұл - мектеп ұжымының, оқушының және Әлішердің жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі Мират Оспановтың ортақ еңбегі, жетістігі.  Ал жарыс қорытындысына келсек, біздің еліміз жалпы есеп бойынша осы олимпиадада үздік үш команданың құрамына еніп отыр. 2000 жылдан бері өткізілетін Азиялық физика олимпиадасы -  Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердің мектеп оқушыларына арналған зияткерлік сайыс. Олимпиада Халықаралық физика олимпиадасының ережелері бойынша өткізіледі, - дейді Ә.Аманғосова. 


Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы