Ақтөбе облысында туберкулез ауруының алдын алуға арналған айлық жүріп жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Өткен аптада басталған айлық 24 наурыз — Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне дейін жалғаспақ.
Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айнагүл Бекназарованың айтуынша, аталған іс-шараның аурудың алдын алуда маңызы зор.
Айлық өткізудегі басты мақсат — Ақтөбе облысы тұрғындарының арасында індеттің алдын алу, ауру жұқтырғандарға қолдау көрсету. Бұл аурудың алдын алу үшін біз тұрғындарға жыл сайын медициналық мекемелерден профилактикалық тексеруден өту керектігін ескертіп отырамыз. Осы айлық кезінде облыс тұрғындары үшін көп жиналатын орындарда індеттің алдын алу және ерте сатыда анықтау мақсатында жылжымалы флюорографиялық тексеруден өту шараларын ұйымдастырып жатырмыз. Сондықтан барлық азаматтарды флюорографиялық тексеруден өтуге шақырамыз, - дейді ол.
Ал Ақтөбе облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гаухар Игілікованың айтуынша, биылғы айлық кезінде жалпы білім беретін мектептерде, балабақшаларда, қосымша білім беретін мекемелерде, жоғары және кәсіби орта оқу орындарында, сондай-ақ бірқатар қоғамдық орындарда туберкулез ауруының алдын алу, оны жұқтырмау үшін қандай сақтық шараларын қолдану керектігі жайлы ақпараттандыру-түсіндіру шаралары өткізілмек.
Оның айтуынша, өткен жылы облыста туберкулез аурушаңдығының көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 39,6-ды құраған. Ал 2021 жылғы көрсеткіш — 35,6. Балалар арасында аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 12,3, ал 2021 жылғы көрсеткіш —10,5.
2021 жылмен салыстырғанда былтыр ауырғандар саны біршама өсіп отыр. Мәселен, былтыр облыстағы өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,9-ді көрсетті. Осы орайда біз биыл айлық шарасын ұйымдастырып отырмыз. Бұл шараларды Ақтөбе облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірлесе жүзеге асыруда. Жыл қорытындысы бойынша флюорографиялық тексеруге жататын тұрғындардың 98 пайызы, ал манту сынамасы салынатын балалардың 98,6 пайызы туберкулино-диагностикамен қамтылды. Сондай-ақ өңіріміздегі жалпы саны 20 мыңға жуық жаңа туған сәбидің 94,3 пайызына екпе салынса, қайта егуге жататын 1-сынып оқушыларының 100 пайызы БЦЖ екпесін алды. Қазір бұл бағыттағы шараларды жалғастырып жатырмыз. Биылғы жылдың нақты көрсеткіштер жыл аяғында белгілі болады, - дейді Г.Игілікова.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар туберкулез ауруының алдын алу үшін алдымен оған қарсы иммунитетті қалыптастыру қажет. Ол үшін дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстануы керек. Жеке бас гигиенасын ұстанып, ауру белгілері болған немесе өзін жайсыз сезінген жағдайда флюорографиядан өтуі тиіс.