Ақтөбеде республикалық айтыс өтіп жатыр

8 Қазан 2022, 20:20
3993
Бөлісу:
Ақтөбеде республикалық айтыс өтіп жатыр

Ақтөбе қаласындағы Студенттер сарайында тарихта қалған батыр Тама Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығына арналған «Еркіндік қыраны, шарықта!» атты республикалық ақындар айтысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Республикалық айтыс Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өтуде. Оған елімізге танымал айтыскерлер, атап айтсақ, Қанат Мырзаханұлы, Нұрлан Мұсаев, Рүстем Қайыртай, Шұғайып Сезімхан, Серік Қуанған, Біржан Байтуов, Айдос Рахметов, Қазырет Бердіхан, Шалқарбай Ізбасаров, Рауан Қайдаров және облысымыздан Жұлдыз Қожабекова, Марат Ахметов, Ершат Қайболдин, Жәнібек Бейбітов, Айболат Көшкінбаев, Нұрбол Жауынбаев сынды ақындар қатысып жатыр. Олар сөз додасында жұп болып айтысып, ер Есеттің ел үшін еткен ерлігі мен батырлығын жиналған жұртшылыққа әсерлі жырларымен жеткізуде.

Республикалық айтысты Жүрсін Ерман жүргізсе, қазылар алқасына  Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов төрелік етіп отыр. Ал қазылар алқасының құрамында Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ақын, журналист Жанарбек Әшімжан, айтулы ақын Несіпбек Айтұлы мен жергілікті ақын Нұрлыбек Қалауов бар.
Екі күнге созылатын айтыстың бірінші кезеңі бүгін кешкі сағат  22.00-ге дейін өтеді деп жоспарланып отыр.

Ақтөбеде республикалық айтыс өтіп жатыр

Ақтөбе жұрты айтыс десе ішер асын жерге қояды. Соның дәлелі бүгін сарайда ине шаншар жер жоқ. Халық айтысты сағынған. Ақындар да барын салып, түрлі тақырыпта сөз қозғап, келген жұрттың көңіліндегі мұң-мұқтажын айтып жатыр. Жалпы бұл айтыс Есет батырдың 355 жылдығына арналып отыр. Мерекелік шаралар бүгін таңертең Есет Көкіұлының кесенесі мен қорымы орналасқан Алға ауданы Бестамақ ауылында басталды. Ол жерге біз киіз үйлер тігіп, шара қонақтарына дәм татқызып, театрландырылған көріністер ұсындық, - дейді Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.

Айта кету керек, Есет батырға арналған шараларға Ақтөбе жеріне арнайы келген қаламгерлер де қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, ақын Қасымхан Бегманов, Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов, т.б белгілі азаматтар бар. 

Есет батыр - бүкіл өмірін халқының азаттығына арнаған, ерлік жолы ұлт тарихына алтын әріппен жазылған тұлға. Біз Есет бабамыздың тарих сахнасындағы ерлігі мен еңбегін ұрпақ санасына ұялата білуіміз керек. Батырдың ерлігін жас ұрпаққа насихаттап, алдағы уақытта осындай бабаларымызды ұлықтауға арналған шараларды көптеп ұйымдастыру керекпіз, – деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов шараға келген барша азаматтарға алғысын білдірді.

Есет Көкіұлының 355 жылдығына арналған шаралар аясында ат жарысы да өткізілді. Оған қатысқан 50-ге жуық шабандоздың арасында Ақтөбе облысы Қобда ауданынан келген жас бас жүлдеге тігілген автокөлікті жеңіп алды.

Мен қазақ болып туғаныма қуанамын, қашан да халқыммен біргемін. Бүгін кезекті рет Ақтөбе жеріне келіп отырмын. Өте қуаныштымын. Есет батыр бабамыз барша халыққа, әсіресе, жас ұрпаққа ерлік істерімен үлгі болған тұлға. Сондықтан осы шараға келген барша қазақты батыр бабамыздың рухы қолдап жүрсін! – дейді Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов. 

Ақтөбеде республикалық айтыс өтіп жатыр
Өзгелердің жаңалығы