«Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Ақтөбе облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегін анықтады.
Ақтөбе қаласының 69 жастағы тұрғынына тиесілі саяжай учаскесін тексеру барысында полицейлер гүлзарға егілген 67 түп көкнәрді анықтап, тәркіледі.
Аталған дерек бойынша құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу әрекеттері жүргізілуде, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаменті.
Полиция департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрамында есірткі немесе психотроптық заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіруге тыйым салынғанын еске салады. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды.
Полицейлер азаматтарды заң талаптарын сақтауға және үй іргесіндегі, саяжайдағы және өзге де жер учаскелерінде құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсірмеуге шақырады. Мұндай фактілер немесе есірткі құралдарының заңсыз айналымы туралы қандай да бір ақпарат белгілі болған жағдайда, 102 арнасына дереу хабарлауды сұраймыз.
Тағы оқи отырыңыз: Дәріханалар арқылы сатқан: Жамбылда есірткі бизнесін ұйымдастырған 60 жастағы ер адам сотталды