Әр 30 минут сайын Конгода Эболадан бір адам көз жұмады – ДДСҰ

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестіруші Том Флетчер әлемдегі ірі гуманитарлық ұйымдардың басшылары қатысатын Агенттікаралық тұрақты комитеттің (IASC) шұғыл отырысын өткізді. Тараптар бірлескен іс-қимыл ауқымын күрт кеңейтуге келісті.

 ДДСҰ / Дж. М. Рэймонд 16 Тамыз 2026, 05:38
16 Тамыз 2026, 05:38
131
Фото: ДДСҰ / Дж. М. Рэймонд

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) болжамынша, Конго Демократиялық Республикасында (КДР) Эбола безгегінің өршуі бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен таралып жатыр. Бұл індет аурумен күрес тарихындағы ең өлім-жітімі жоғары эпидемияға айналуы мүмкін. Қазір ел бойынша әр 30 минут сайын бір адам Эболадан қайтыс болып жатыр, деп жазды БҰҰ жаңалықтар қызметінен. 

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестіруші Том Флетчер әлемдегі ірі гуманитарлық ұйымдардың басшылары қатысатын Агенттікаралық тұрақты комитеттің (IASC) шұғыл отырысын өткізді. Тараптар бірлескен іс-қимыл ауқымын күрт кеңейтуге келісті.

Вирустың біздің әрекет ету шараларымыздан озып кетуіне жол бере алмаймыз, – деп атап өтті БҰҰ өкілі.

Қосымша 30,5 миллион доллар

Флетчердің айтуынша, маусым айының басынан бері белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілген: агенттіктер оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, ал БҰҰ аймаққа Эболаға қарсы күрес жөніндегі аға үйлестірушісін жіберді. Халықаралық донорлар індетпен күреске 300 миллион долларға жуық қаражат бөлді.

Жұма күні БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі орталық қордан тағы 30,5 миллион доллар бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл бұған дейін КДР мен көршілес төрт елге індетпен күрес үшін бөлінген 24 миллион долларға қосымша қаражат.

Флетчер зардап шеккен аймаққа тағы 20 қызметкерді жіберді.

Қауіпсіз әрі лайықты жерлеуді қамтамасыз ететін топтардың санын екі есеге арттыру, емдеу орталықтарының ресурстарын үш есеге көбейту, науқастармен байланыста болған адамдарды бақылау жүйесін жетілдіру және тәжірибелі басшыларды тарту қажет, – деді ол.

Сонымен қатар өңірдің таза суға, санитарияға, медициналық көмекке және басқа да негізгі қызметтерге деген орасан зор қажеттіліктерін қамтамасыз ету аса маңызды.

Қазірдің өзінде екі мыңнан астам адам қайтыс болды. Тағы көптеген адам қауіп тобында тұр. Әлем оянып, көмек көрсетуі керек, – деді БҰҰ-ның төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестірушісі.

Індет алтыншы провинцияға тарады

БҰҰ баспасөз қызметінің хабарлауынша, вирус тарала бастағанына үш айға жуық уақыт өткен соң, Эбола індеті КДР-дың алты провинциясында тіркелді.

Ұлттық билік органдарының 12 тамыздағы мәліметіне сәйкес, елде 4660-тан астам расталған ауру жағдайы және 2184 өлім жағдайы тіркелген. Өлім-жітім көрсеткіші шамамен 47 пайызды құрайды.

Індет таралған сайын БҰҰ-ның гуманитарлық агенттіктері өз жұмыстарын кеңейтіп жатыр. Ертеңнен бастап Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (ДАҒБ) Эбола ауруын емдеу орталықтарының қосымша нысандарында ыстық тамақ тарата бастайды.

Бұл көмек әсіресе маңызды, өйткені КДР-дың Эбола індетінен зардап шеккен шығыс өңірлерінде 2,6 миллион адам азық-түліктің өткір тапшылығына тап болып отыр. Мұндай отбасылардың жартысынан көбі індеттің ошағына айналған Итури провинциясында тұрады.

Сонымен бірге азық-түлік көмегіне қажетті қаржының әзірге тек 25 пайызы ғана қамтамасыз етілген.

Наверх