Ақтөбеде арбаға таңылған мүгедекті қайыр сұрауға мәжбүрлеген

3 Сәуір 2023, 12:27
860
Бөлісу:
Ақтөбеде арбаға таңылған мүгедекті қайыр сұрауға мәжбүрлеген
Фото: alashainasy.kz

Ақтөбе қаласында тәртіп сақшылары еріктілермен бірлесіп қайыр сұрауға мәжбүрлеу фактісін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ІІМ Ұйымдасқан қылмыспен күрес департаментінің басшысы Қанат Нұрмағамбетов ведомствоның апталық баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Ақтөбе қаласында полиция қызметкерлері еріктілермен бірлесіп қайыр сұрауға мәжбүрлеу фактісін анықтады. Биыл ақпан айында ерлі-зайыптылар 46 жастағы арбаға таңылған мүгедек ер адамды қорқыту және зорлық-зомбылық қолдану арқылы Шымкенттен Ақтөбеге қайыр сұрауға мәжбүрлеп әкелгені анықталды, - деп атап өтті департамент басшысы.

Сонымен қатар ол күдіктілер барлық «табысты» өз қалталарына басқанын айтты.

Күн сайын таңертеңнен кешке дейін базарлар аумағында және жұма күндері мешіттердің жанында күніне 5-6 мың теңге жиналып отырған. Күдіктілер барлық кірісті өздері иемденді. Осы факті бойынша ҚК-тің 128-бабы 1-бөлігі - "Адам саудасы" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жәбірленуші дағдарыс орталығына орналастырылды, - деді Қанат Нұрмағамбетов.

Еске сала кетейік, бұған дейін елде адам саудасына байланысты 37 қылмыс анықталғаны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы