Ақтөбе облысындағы үш ауданға қоғамдық көлік қатынамайды

3 Маусым 2024, 17:02
341
Бөлісу:
Ақтөбе облысындағы үш ауданға қоғамдық көлік қатынамайды
Фото: BAQ.KZ - архив

Ақтөбе облысында үш ауданға әлі күнге дейін қоғамдық көлік қатынамай келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық​ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Есбол Базарғалиевтің айтуынша, бүгінде өңірдегі 12 ауданның 8-іне қоғамдық көлік қатынайды. Олардың қатарында Ойыл, Қобда, Мәртөк, Хромтау, Мұғалжар, Темір, Алға, Байғанин аудандары бар. Сондай-ақ Шалқар ауданына пойыз жүреді. Ал қалған үш ауданға бірнеше жылдан бері автобустар қатынамай келеді.

Мұның басты себебі - біз конкурс өткізгенімізбен автобус тасымалын ұйымдастыратын тасымалдаушылар жоқ. Қазір жеке кәсіпкерлер қашық және жол жағдайы нашар аудандарға қатынауға қиынсынады. Мәселен, Қарғалы ауданы облыс орталығына жақын болғанымен, оның тарифі мен субсидия мәселесін шешуге кемі 4-5 айға созылады. Кәсіпкерлер оны күткісі келмейді. Екінші жағынан, бұл ауданға қазір күн сайын такси қатынайды. Көп адам таксимен жүреді де, автобустарға мінбейді. Соның салдарынан автобус иелеріне табыс аз түседі. Одан қалды, бүгінде Қарғалы ауданына баратын жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - дейді Есбол Базарғалиев.

Оның айтуынша, былтыр аталған үш ауданға қоғамдық көлік тасымалын ұйымдастыру үшін басқарма үш рет конкурс өткізген. Алайда кәсіпкерлер тарапынан белсенділік көрсетіп, бұл істі қолға алатын ешкім болмапты.

Айта кету керек, 1 маусым күні Ақтөбе қаласы мен Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық ауылы арасына қатынайтын автобустар өз қызметін бастады. Бұл бағыттағы жолаушылар тасымалын ұйымдастыруға өткізілген конкурстың нәтижесінде «Аймұқашев» ЖШС жеңімпаз атанған. Қоғамдық көлік екі аралыққа 2,5 сағаттай жол жүреді.

Өзгелердің жаңалығы