Ақтөбе облысында Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерден жалғыз майдангер Василий Грецкий қалды. Биыл қаңтар айында ол 101 жасқа толды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Майдангер қазір Ақтөбе облысының Хромтау ауданында тұрады. Ғасыр жасаған ардагердің денсаулығы жақсы, тың, тек құлағы естімейді. Үй ішінде жүріп, теледидар көреді, немере-шөберелерімен әңгімелеседі.

Қызы Наталья Жемчужникованың айтуынша, ардагер соғыс жылдары Украина, Беларусь, Германия, Румыния, Польша, Чехословакия майдандарында болған. Қызыл әскер қатарына 1942 жылы алынып, майдан даласында үш рет жараланған. Ұлы Жеңісті Берлин маңындағы госпитальда қарсы алған. Соғыстан кейін елге 1946 жылы оралған. Майдандағы ерлігі үшін ардагер "Қызыл Жұлдыз", ІІ дәрежелі "Отан соғысы" ордендерімен, сондай-ақ бірнеше медальмен марапатталған.
Қазір әкеміз үлкейді, құлағы дұрыс естімейді, көзі де нашар көреді. Бір құлағында аппараты бар. Біз үшін оның қалқиып, осылай ортамызда отырғанының өзі – зор қуаныш. Қазір бізбен бірге тұрады. Бізге соғыс жайлы көп айтпайтын, дегенмен сұхбат бергенде есінде қалған естеліктерімен бөлісіп отырады. Әкем анамыз Татьянамен бірге 65 жыл бірге тату-тәтті өмір сүрді, үш бала тәрбиелеп өсірді. Анамыз он жыл бұрын, 90 жасында көз жұмды. Біз үшін ата-анамыздың өмірі – үлкен үлгі-өнеге, - дейді ол.

Наталья Жемчужникованың қазір жасы – 71-де. Бүгінде жолдасымен бірге майдангерді күтіп, бағып отыр. Ауызбіршілігі мол, ақжарқын отбасы қашан да шаңырағына келген қонақтарға асын беріп, сый-құрмет көрсетеді. Оның бір қызы Хромтауда, екінші қызы Ресейдің Челябинск қаласында тұрады. Сондай-ақ өзімен бірге туған бауырлары Виктор мен Валентина да қазір Челябинскте тұрып жатыр. Жыл сайын Жеңіс күнінде бірге туған бауырлар кең дастарқан басында қауышып, әкелерін қуантып, оған құрмет көрсетеді.
Негізі әкеміздің туған жері – Белоруссия. Қазақстан жеріне кеңес үкіметі кезінде 1935-жылдары келген. Жамбыл облысы Шу станциясына қоныстанып, көп жыл сонда тұрған. Теміржол саласында еңбек еткен, тепловоздарды жөндеген. Анамызбен соғыстан келген соң, 1950 жылы танысып, отау құрған. Кейін біз дүниеге келдік, ер жетіп, әрқайсымыз әр жаққа кеттік. Мен орта мектепті аяқтаған соң Павлодар политехникалық училищесіне оқуға түстім. Сол жерде сүт өнімдері технологы мамандығын алып шықтым. Кейін оқу орнын аяқтаған соң, мені Ақтөбеге арнайы жолдамамен жұмысқа жіберді. Содан Хромтау қаласына келіп, жұмысқа орналастым. Осы жерде тұрақтап қалып, кейін 2001 жылы ата-анамды көшіріп алдым, - дейді Наталья Жемчужникова.
Оның айтуынша, қазір ардагер мемлекеттен зейнетақы, сондай-ақ мүгедектігі үшін жәрдемақы алады. Жыл сайын жергілікті атқарушы органдар келіп, құрмет көрсетеді.

Ұрпақтарынан тараған 6 немере мен 10 шөберенің қызығын көріп, бейбіт күнде өмір сүріп жатқан майдангер бізге өз естеліктерін айтып, біраз сыр шертті.
Мен балаларыма майдандағы оқиғаларды көп айтпаймын. Себебі соғыс еске алатын дүние емес. Біздің ұрпақтарымыз бейбітшілікте өмір сүруі керек. Ал өткен күндерді еске алсам, алғаш майдан даласына барғанымызда бізде қару аз болды. Фашистер өте жақсы қаруланған екен. Оларда пулеметтер болса, бізге тек мылтық берді. Содан олар бізге оқ жаудыруды тоқтатпады. Кейін менің қолыма салмағы 20 келі болатын танкке қарсы винтовка түсті. Одан соң бәрімізге пулемет берді. Әр шайқасқа шыққан сайын біз аман қаламыз ба деп өлімнен қорқып бардық. Сондай бір шайқастардың бірі Украинаның Львов облысындағы Броды қаласының маңында болды. Жау біз тығылған ғимаратқа оқ жаудырды. Солдаттар бірінен соң бірі өліп, қалғандары шегіне бастады. Бір кезде мен жалғыз қалдым. Қайда барарымды білмедім. Дереу атқа отырып, апарған жеріне дейін бардым. Әлгі ат мені өз жұртына алып келді. Міне, майданда осындай қауіпті әрі жантүршігерлік оқиғалар көп болды, - деген ардагер елге аман-есен оралған сәтін еске түсіріп, көзіне жас алды.
"Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі" демекші, Василий Грецкий соғыстан аман-есен оралғанын өзінің жолы болғыштығымен байланыстырады. Өйткені онымен майданға қатар жүрген жауынгерлердің дені ерлікпен қаза тапқан.
Биыл елімізде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы тойлануда. Осы орайда Ақтөбе облысында да мерекелік-көпшілік іс-шаралар өткізіледі. Осы іс-шараларға ардагер де қатыспақшы. Қазір майдангер күш-қуатын жинап, алдағы үлкен шараға дайындалып жүр. Облыстағы көзі тірі жалғыз ардагерге биыл ерекше сый-құрмет көрсетіліп, 5 миллион теңге көлемінде бір реттік төлем берілмек.
Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Бекболат Иманғалиевтің айтуынша, ҚР Үкіметінің 2023 жылғы №523 “Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы” қаулысына сәйкес Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өңірдегі Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге, соғысқа қатысушыларға теңестірілген азаматтарға және соғыс жылдары тылда кемінде 6 ай жұмыс жасаған тыл еңбеккерлеріне жыл сайын Ақтөбе қаласы мен аудандық мәслихаттардың шешімдеріне сәйкес жергілікті бюджеттен біржолғы материалдық көмек қарастырылады. Биыл осы қаулы аясында жалпы саны 4336 адамға 1 млрд 076,8 млн теңге мөлшерінде бір реттік төлем беру жоспарлануда.
Қазір өңірімізде көзі тірі жалғыз ардагеріміз бар. Оған 1272 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем төленеді. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген 1724 адамға 90 айлық есептік көрсеткіш немесе 353 880 теңге мөлшерінде бір реттік төлем беріледі. Олардың қатарында Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілер, Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде болған әскери қызметшілер, Ирактағы, Таулы Қарабахтағы қақтығысты реттеуге жіберілген әскери міндеттілер, Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысушылар және Семей полигонындағы ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқандар бар, - дейді ол.
Ал Ақтөбе облысындағы "Ленинградты қорғағаны үшін" медалі немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен марапатталған адамдарға және 1944-1951 жылдар аралығында Украина, Беларусь, Литва, Латвия, Эстония аумағында болған қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жараланған, контузия алған немесе мертігу салдарынан мүгедек болғандарға 39 айлық есептік көрсеткіш немесе 153 348 теңге төленеді.
Сондай-ақ майданда жараланып, контузия алып, мертігіп немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған, мүгедектігі бар адамның зайыбы (жұбайы) санаттарындағы 991 адамға және 1941-1945 жылдар аралығында еңбек еткен 2019 тыл ардагеріне 39 айлық есептік көрсеткіш немесе 153 348 теңгеден бір реттік төлемақы беріледі.