Ақтөбе облысында екі спорт мектебінің есепшілері өздеріне артық жалақы аударған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов айтып берді.
Ақтөбе облысында цифрлық технологияларды пайдалану арқылы мемлекет қаржысының заңдылығын бақылау жұмыстары нәтиже беріп жатыр. Мәселен, осы ретте облыста жүргізілген онлайн бюджеттік мониторинг жүйесі арқылы біз өңірдегі екі бірдей балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде заңсыз жалақы аудару фактілерін анықтап отырмыз. Аталған деректер бойынша мемлекетке келтірілген зиян толық көлемде өтелді, - дейді ол.
Департамент басшысының айтуынша, Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №1 Ақтөбе қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің есепшісі 2024-2025 жылдары өзінің жеке банк шотына артық жалақы түрінде 3 522,5 миллион теңге ақша аударған. Бұл дерек онлайн бюджеттік мониторинг арқылы анықталған.
Сол сияқты Ойыл ауданындағы Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің есепшісі де 2023, 2024, 2025 жылдары өзінің жеке шотына барлығы 9 813,9 миллион теңге артық жалақы аударған. Бұл заңсыз төлем де онлайн бюджеттік бақылау жүйесі нәтижесінде анықталып отыр.
Бұл дерек бойынша бүгінде есепші алған барлық ақшасын бюджетке кері қайтарды. Аталған заңсыздықтар бойынша мектептердің басшылығына шара қабылдау жөнінде хат жолданды. Дегенмен бұл бағытта жауап әлі келмеді. Жалпы, бұл деректер бюджеттік тәртіптің маңыздылығын және бақылау механизмдерінің қажеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Қаржы тәртібінің бұзылуы қоғамның мемлекетке деген сеніміне нұқсан келтіреді, - дейді Сәкен Қасымов.